Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы кім болатыны туралы ақпарат ресми түрде жарияланды, деп хабарлады "Хабар 24".
8 маусым күні Головкинге қарсы рингке шығуға канадалық боксшы Стив Роллс бел буыпты. DAZN стриминг желісімен ресми серіктес журналист Крис Мэнникс өзінің твиттер парақшасында хабарлады.Сонымен қатар, канадалық боксшы Стив Роллс (19-0, 10 KO) Геннадий Головкиннен (38-1-1, 34 КО) жеңілу үшін рингке шықпайтынын айтты.
«DAZN мен GGG-ге маған осындай тамаша мүмкіндік бергендері үшін алғысымды білдіремін. Мен өзімді осал боксшылардың қатарынанмын деп есептемеймін, Головкин қарапайым адам ғой, екеуміздің арамызда өтетін жекпе-жекте жеңіске жетіп, өз есімімді орта салмақтағы мықтылардың қатарына қосқым келеді», - деді боксшы.
Головкин-Роллс жекпе-жегі 8 маусымда Нью-Йорктегі «Мэдисон Сквер Гарден» аренасында өтеді.
Боксшылардың шайқасына билеттер 27 сәуірден бастап сатылады.