Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Велоспорттан Олимпиада чемпионы, Astana Pro Team командасының бас менеджері Александр Винокуров елімізде «Tour of Almaty» секілді жарыстарды жиі ұйымдастыру қажет деп есептейді.
Оның айтуынша, мұндай сайыстар қазақстандық шабандоздарға өте пайдалы. Себебі, олардың әрбір ұпайы олимпиадалық рейтингке әсер етіп, құраманың жағдайын жақсарта түседі.
- Александр, «Tour of Almaty» жарысының пайда болуы оның өтуінің тарихы жайлы айта отырсаңыз?
- Бұл идея ұзақ уақыт бойы біздің арманымыз болып жүрді. 7 жыл бұрын сол идея іс жүзіне асты. Алғашқыда ол біркүндік жарыс болды. Өткен жылы жарысты екі күн қатар өткіздік. «Медеуге» мәрені белгілеп, Алматының ғаламат табиғатын әлемге паш еттік. Бірақ, автокөлік жүргізушілері шағымданып жатыр. Олар сол күндері келіп жарысты көруі керек немесе жарыстың жолын қарап алып, кептелістерді айналып өтсін. Одан басқа бізде қолданар шара жоқ. Алматыны таңдағанымыздың да себебі түсінікті. Мұнда бұрыннан жарыстар өтіп келді, әрі қаланың көрсетер тұстары жетерлік.
- Өзіңізге «Tour of Almaty» жарысының жолы қаншалықты таныс? «Медеуге» жиі шығып тұрасыз ба?Қазақстандық шабандоздарға бұл жол қаншалықты үйреншікті?
- Маған әлбетте бұл жолы таныс. «Медеуге» қаншама рет көтерілгенім есімде жоқ. Тіпті, Кеңес үкіметінің кезінде мен жарыстарға қатысып жүргенде бұл жерге талай келгенмін. Бұл жолдың мәресі өте мықты. Жолының өзі алтыбақан секілді. Алдымен Алмарасанға көтерілесің де сосын әл-Фараби даңғылына түсіп, қайтадан «Медеуге» көтерілесің. Бұл жол әуесқойлар үшін де, кәсіпқойлар үшін де өте ыңғайлы бағыт.
- «TourofAlmaty» жарысында «Астана» шабандоздарына жеңіске жету деген арнайы мақсат қойыла ма?
- Әрине. Біздің команда - Про-турдың ішіндегі ең мықтылардың қатарына жатады. Сондықтан өзімізде өтіп жатқан«Tour of Almaty» додасында жеңіске жеткіміз келеді. Биылғы жарыс отандық шабандоздар үшін өте маңызды. Мысалы Пронский Vino Astana Motors құрлықтық командасының атынан қатысса да ол иеленген ұпайлар Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына түседі. Біздің құрама ТОП-21 құрамына кірсе біз Олимпиада ойындарына 3 спортшы қатыстыра аламыз. Сондықтан да рейтингтік ұпайларға таласу қажет.
- Биылғы жарысқа қатысатын құрамды белгілеп үлгердіңіз бе? Тек қазақстандық шабандоздармен шығасыздар ма, әлде легионерлерді де араластырасыз ба?
- Әлбетте, қазір біз жарысқа қатысатын шабандоздарды белгілеп қойдық. Команда негізінен қазақстандық шабандоздардан құралады. Шетелдік шабандоздардан тек Лауренс де Вриз қатысады. Сонымен қатар, Astana Pro Team атынан жақында ғана тәжірибиеден өтіге келген Пронский де қатысады.
- Өткен жылы жарысқа қатысқан Фульсанг, Санчес, Виллеллалардың абыройы жарыстың да атағының артуына септігін тигізді ме?
- Менің ойымша әрине, олардың қатысуы жарыстың беделінің артуына септігін тигізді. Ондай шабандоздар жарыстың рейтпнгін арттырады.Ал жалпы алғанда мұндай жарыстар Қазақстанда көптеп ұйымдастырылуы керек. Бірақ, барлығы қаржыға келіп тіреледі. Сосын, жолдарды жабу керек болады, жергілікті полициямен серіктестік орнату қажет. Билік өкілдерімен де байланыста болуың тиіс. Ал жарыстар көп болса біздің шабандоздар рейтингтік ұпайларды көбірек ала бастар еді. Мысалы Иранда жарыстар көп өтеді де, олардың ұлттық құрамасы Азия құрлығындағы рейтингте мықтылардың біріне айналады.
- «Tour of Almaty» жарысының тамыз айында өтуі оның беделіне әсер ете ме?
- Тамыз айының соңы өте тамаша уақыт деп есептеймін. «Вуэльтаға» қатыспайтын шабандоздар «Tour of Almaty» жарысна келсе болады. Сондықтан да, «Tour of Almaty» жарысына қатысатын қазақстандық шабандоздарға тек қана сәттілік тілеймін.