Жылыойдағы жылы жүздесу

15 Қазан 2022, 20:27
1816
Бөлісу:
Жылыойдағы жылы жүздесу
PHOTO
Фото: автордан

Атырау облысына қарасты Жылыой ауданының Тұрғызба ауылында су жаңа ойын алаңы қолданысқа берілді, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ауыл  бүлдіршіндеріне қуаныш сыйлаған ойын алаңы бүгін салтанатты түрде ашылды. Мұндай игіліктен Қосшағыл тұрғындары да құр қалмады. Бұл ауылда да «Қуаныш» деп аталатын ойын алаңының лентасы қиылып, балалардың игілігіне берілді.

Балаларымыз көз алдымызда ойнап жүретін болды, бұндай жобалар біздің ауылымызға өте жақсы әсерін тигізуде - дейді «Жаңа әлем» жобасының жетекшісі Гүлфайрус Бекболатова.

Жылыойдағы жылы жүздесу

Сонымен қатар, 3,5 мыңнан астам тұрғыны бар Тұрғызба ауылында жергілікті жұрттың бастамасымен мерекелік іс-шаралар өткізетін сахна жаңартылды. Ынталы топ өкілдері ескі сахнаны бұзып, оның орнына ұзындығы 10 м, ені – 5 м, биіктігі 4.5 метр болатын стандартқа сай жаңа сахна салды.

Ескі сахнамызды да кезінде ауыл жастары өз қаражаттарына да салып еді. Оның ұзындығы 6.5 м ені 3.5 м биіктігі 3м болатын. Алайда ол стандартқа сай болмай, тез істен шығып кетті. Сол сахна болмағанда мектеп не әкімшілік ғимараты ауласында тіпті кей кездері көліктердің прицептерінде де концерттерді қойып жүретін кез де болды. Бүгін, міне, ауылдастармен жиналып, жаңа стандарттарға сай сахнаны салып отырмыз,- дейді ауыл тұрғыны. 

Ал Ақкиізтоғай ауылының жұрты ауылдың бір көшесін өз күштерімен жарықтандырды. Ғани Мұратбаев атындағы көшеде енді 20 дана баған мен 20 дана консольді күннен қуат алатын жарық құрылғылары бар. Жергілікті азаматтар мұны Теңізшевройл ЖШСнің қаржылық қолдауымен Әлеуметтік Инвестициялар Бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Qogamdyq Kenistikter» жобасының бір бөлігі ретінде іске асырған.

Ауылдық жер болғасын, адамнан бөлек көшелерімізде ірі-қара мал да жүреді. Қараңғыда көшеде кім өтіп бара жатқанын байқамайсың, көлік жүргізушілерге де, жаяу жүргіншіге де, малға да қауіп болды. Алайда «Qogamdyq kenistikter» бағдарламасының арқасында көршілер арасынан ынталы топ құрып , осы күнге дейінгі бізді мазалаған мәселенің оң шешімін таптық «Жарық көшеміз» бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының сүйікті көшесіне айналып үлгерді, - деді жоба жетекшісі Армангүл Ақмұрзиева. 

Жылыойдағы жылы жүздесу

Жалпы, 2010 жылдан бастап ТШО компаниясы өзінің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 94 жобаны жүзеге асырды. Биылғы жылы бағдарламаға 2,3 млн АҚШ долларын жұмсаған. Бұл қаражатқа Атырау облысы мен Жылыой ауданында 14 жоба іске асырылуда.

Қоғамдық кеңістіктер» жобасы аясында Жылыой ауданында 38 нысан тұрғындар игілігіне берілді. Ал жыл соңына дейін тағы да 29 балалар алаңы мен балғындардың жаттығуына арналған алаңқай қолданысқа дайын болады. Жылыой ауданының Теңізшевройл үшін орны бөлек, - деді Құлсарыдағы ТШО ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің өкілі Нұрлан Ерғалиев. 

Жаңа қоғамдық орындар салу әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында "Теңізшевройл" ЖШС қаржылық қолдауымен, Орталық Азияның Еуразия қорының бастамасымен құрылған "Qogamdyq Kenistikter" жобасының арқасында мүмкін болды. Биыл Атырау облысы Жылыой ауданында 29 шағын жоба іске асырылуда.

Өзгелердің жаңалығы