Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жылдың аяғына қарай доллар бағамы қанша болады – экономист пікірі

11 Маусым 2025, 16:50
6506
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

Елдегі доллардың теңгеге шаққандағы орташа бағамы біршама тұрақтанып, қазір 511 теңгені құрап отыр. Алайда бұл көрсеткіш қай уақытқа дейін жалғаспақ? Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі белгілі экономист Мақсат Халықпен осы тақырыпта сұқбаттасты.

Ол қазіргі уақытта белгілі бір дәрежеде теңгеге қысым түсіп тұрғанын айтты. Экономист сөзінше, жаздың аяғында доллар бағамы өсуі мүмкін.

Қазір мұнай бағасының төмендеу үдерістері орын алуда. Ал мұнай бағасы құлдыраған кезде ол бірден көрініс таппайды, тек араға екі ай салып әсер етіп жатады. Мәселен, қара алтын бағасының кейінгі уақытта 60 долларға жақындағаны теңгеге тамыз айында әсерін тигізеді деуге болады. Осы жаз айларындағы маусымдық кезеңде бізде долларға сұраныстың күшейетіні бар. Оның ішінде азаматтарымыздың шетелге демалуы, балаларын шетелге оқуға дайындауы бар. Көп азамат сол үшін доллар сатып ала бастайды. Бұл да доллардың құнын арттырады, – деді Мақсат Халық.

Сондай-ақ ол Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің қазір жүргізіп отырған саясатына тоқталды.

Ұлттық банктың қазіргі басшысы келе сала белгілі бір дәрежеде базалық мөлшерлемені төмендетемін деп айтқан. Ол сол сөзінде тұрып келе жатты да. Ол келген уақытта базалық мөлшерлеме 16,5%-дан 14,5-ға дейін төмендетілген болатын. Алайда әлемдегі соңғы геосаяси жағдайлар және де елдегі инфляцияның өршуі базалық мөлшерлемені қайтадан жоғарылатуға алып келді. Өкінше қарай, бұл елдегі іскери белсенділікті төмендетіп отыр, несие пайызының қымбат болуына әкеліп отыр, арзан ақша елде жоқ, белгілі бір дәрежеде экономикалық өсім тежеліп тұр, – деді экономист.

Оның сөзінше, соңғы уақытта елдегі инфляцияның өсуіне көптеген саяси, экономикалық шешімдер әсер еткен.

Мәселен, қосылған құн салығының өсуі. Ол мейлі қазір өспесе де, кәсіпкерлер қазірдің өзінде тауар бағасын қымбаттатқанын көріп отырмыз, бұл сәйкесінше инфляцияға әсерін тигізеді. Одан кейін тарифтердің өсуі. Ондаған жылдар бойы өспеген тарифтер былтырдан бастап қымбаттай бастады. Сондай-ақ Энергетика министрлігінің жанар-жағар май бағасын мақсатты түрде өсіреміз деп кірісті. Ал ол әлеуметтік маңызы бар тауар саналатындықтан, ол да қосымша инфляция туғызып отыр. Базалық мөлшерлемені жоғары ұстап отырған дұрыс емес, әрине. Алайда, соған жоғарыда айтылған себептерден Ұлттық банк басшысы мәжбүрлі түрде барып тұр деп айтуға болады, – деді экономист Мақсат Халық.

Айта кетейік, биылғы 5 маусымда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарды. Шешім елдегі экономикалық жағдайды ескере отырып қабылданған. Мамыр айында инфляция 11,3%-ға жетті. Тұтынушылық несиелерге сұраныстың артуы да инфляцияға әсер етіп отыр. Сондай-ақ сыртқы жағдай тұрақсыз. Әлемде азық-түлік қымбаттап, мұнай бағасы арзандады.

Жаңартылған бағалау деректеріне сүйенсек, биыл инфляция 12,5%-ға дейін көтеріледі. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 9,5–11,5% аралығында болуы мүмкін. Болжамдар азық-түлік бағасының өсуі мен халықтың тауарлар мен қызметтерге сұранысының жоғары болуына байланысты қайта қаралды. 2027 жылға инфляция 5,5–7,5% дейін түседі деп жоспарланған. Ұлттық банктің қатаң ақша-несие саясаты біртіндеп жүзеге асып, Үкімет те шығындарын азайтқан жағдайда инфляция баяулап, мақсатты деңгейге жақындаймыз, – деді Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов.

Өзгелердің жаңалығы