«Жылдың 10 оқырманы»: Жеңімпаздарға 10 млн теңгеден беріледі

«Жылдың 10 оқырманы» жобасына қатысушылар 345 кітаптың ішінен таңдалған шығармаларды оқып, республикалық кезеңде білімін сынайды.

28 Қыркүйек 2026, 15:15
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 28 Қыркүйек 2026, 15:15
28 Қыркүйек 2026, 15:15
101
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы басталды. Жоба аясында 195 аудан мен 87 қаладан қатысушылар іріктеліп, республикалық финалға 200 оқырман жолдама алады. Қорытындысында 10 жеңімпаз анықталып, олардың әрқайсысына 10 млн теңгеден сыйақы беріледі. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова ОКҚ баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Комитет төрағасының айтуынша, жоба 1 қыркүйекте «Кітап оқу марафонымен» басталған. Былтыр пилоттық форматта өткен марафонға 190 мыңға жуық адам қатысқан.

Осы нәтижені ескере отырып, биыл жобаны барлық өңірге кеңейттік. Мәдениет және ақпарат министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық қорлармен бірлесіп жұмысты үйлестіріп отыр, – деді Айзада Құрманова.

Оның айтуынша, жоба қоғамның кең ауқымын қамтиды. Оған мектеп оқушылары, колледж студенттері, жоғары оқу орындарының білім алушылары, педагогтер, үш буын өкілдері қатысатын отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және басқа да азаматтар жеті негізгі санат бойынша қатыса алады.

Сонымен қатар зиялы қауым және қоғамға ықпалы бар тұлғаларға арналған арнайы бағыт қарастырылған. Оның мақсаты – танымал тұлғалардың жеке үлгісі арқылы кітап оқудың беделі мен құндылығын арттыру.

Жоба аясында қатысушыларға оқу үшін 345 кітап іріктелген. Әр санат бойынша қатысушылар 15 кітап оқиды. Кітаптар тізімін мемлекет және қоғам қайраткерлері, Құрылтай депутаттары, ұлттық кітапханалардың басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған республикалық комиссия анықтаған.

Мүдделер қақтығысы болмауы үшін тізімге енген шығармалардың авторлары мен басқа да өкілдері комиссия құрамына енгізілмейді. Ал платформадағы кітаптар тізімі жыл сайын өзгертілетін болады, – деді комитет төрағасы.

Айзада Құрманова жобаның екі негізгі кезеңнен тұратынын атап өтті. Бірінші кезең 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы сәуірге дейін өтеді. Ол 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды. Әр өңірден іріктелген 10 үздік оқырман республикалық финалға жолдама алады. Осылайша финалға барлығы 200 қатысушы өтеді.

Екінші кезең – республикалық финал. Онда қатысушылар бетпе-бет сұхбат және көпшілік алдында сөз сөйлеу арқылы білімін, ойлау тереңдігін және оқырмандық талдау қабілетін көрсетеді.

Республикалық комиссия қорытындысы бойынша еліміздің 10 оқырманы анықталады. Оларға жыл оқырманы атағы беріліп, әрқайсысына 10 миллион теңге сыйақы табысталады, – деді Айзада Құрманова.

Марапаттау рәсімі 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай республикалық оқырмандар форумы аясында ұйымдастырылады.

Айта кетейік, бұған дейін «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысты Нобель лауреаты Мо Янь Мемлекет басшысының бастамасына үн қосты. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Қазақстанда кітапханаларға бірыңғай оқырман билеті енгізіледі

Димаш Құдайберген «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысады

Наверх