Қазақстанда кітапханаларға бірыңғай оқырман билеті енгізіледі

Қазақстанда кітапханалар үшін бірыңғай цифрлық жүйе құрылмақ.

28 Қыркүйек 2026, 15:10
АВТОР
 pixabay.com 28 Қыркүйек 2026, 15:10
28 Қыркүйек 2026, 15:10
111
Фото: pixabay.com

Қазақстанда кітапханаларды жаңғырту, кітап қорын толықтыру және кітап шығару ісін қолдауды көздейтін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» заң жобасының жұмыс нұсқасы әзірленді. Сонымен қатар 2027 жылы «Ұлттық цифрлық кітапхана» платформасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова ОКҚ баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айзада Құрманованың айтуынша, кітап саласын заңнамалық реттеу жұмысы Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес басталған.

Салалық сарапшылармен талқылау нәтижесінде «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» заң жобасының жұмыс нұсқасы әзірленді. Онда кітапханаларды жабдықтау, кітап қорын толықтыру және кітап шығаруды қолдау тетіктерін қарастыру көзделген. Жоспарға сәйкес заң жобасы жылдың соңында Құрылтайда талқыланатын болады, – деді комитет төрағасы.

Сонымен қатар 2027 жылы «Ұлттық цифрлық кітапхана» платформасын іске қосу жоспарланып отыр. Оның көмегімен кітапханалардың бірыңғай цифрлық ортасы қалыптастырылмақ.

Ортақ электронды каталог жасау, бірыңғай оқырман билетін енгізу және басқа да цифрлық қызметтерді дамыту жоспарланған, – деді Айзада Құрманова.

Комитет төрағасы жасанды интеллектіні дамыту жағдайында кітап оқу мәдениеті мен кітап ісін ілгерілетудің 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы да әзірленіп жатқанын айтты.

Оның сөзінше, кешенді құжатта балалар мен жастардың оқырмандық құзыретін арттыру, кітапханалық инфрақұрылымды трансформациялау, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект өнімдерін пайдалану мәселелері қамтылады.

Қазір осы бағытта зерттеу және сарапшылық жұмыстар жүргізілуде, – деді ол.

Наверх