Жыл басынан бері елде үш жүзден астам мал ұрлау қылмысы ашылды

31 Шілде 2023, 11:43
707
Бөлісу:
Жыл басынан бері елде үш жүзден астам мал ұрлау қылмысы ашылды
Фото: Арман Мухатов

Елімізде мал ұрлау қылмысы тыйылмай тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Ақтоты Боранова мәлімдеді.

Айтуынша, 72 пайыз жағдайда мал ұрлау қылмысы бос жайылым жерлерде болған.

Мал ұрлаумен күрес үшін ІІМ заңнамалық, ұйымдастырушылық және практикалар шаралар қабылдайды. Ауыл шаруашылық малдарын сақтау үшін министрліктің бастамасымен жергілікті атқарушы орган дар олардың жайылым ережелерін әзірлеу мен бекіту бойынша құзыретті бөлді. Бекітілген ережелерді бұзғаны үшін 3-тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар Қылмыстық кодекске «Мал ұрлау» жеке бабы енгізілген. Осы орайда ең ауыр жаза мүлкін тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Сондай-ақ ол жыл басынан бері мал ұрлауға қатысты қанша қылмыстың беті ашылғанына тоқталды.

Жыл басынан бері үш жүзден астам мал ұрлау қылмысының беті ашылды. Оның ішінде 59 қылмыстық топ әшкереленді. Ұрланған 4 мың мал басының 2 мыңдайы табылып, иесіне қайтарылды. Мәселен, Алматы облысында полиция қызметкерлері 4 адамнан тұратын мал ұрлаушылар тобының криминалдық әрекетінің жолын кесті. Олар былтырдан бері 30 бастан артық жылқыны қолды еткен. Барлық жағдайда қылмыскерлер жануарларды алдын ала жалданған үлкен жүк машиналарымен тасыған, - деді Ақтоты Боранова.

Белгілі болғандай, соңғы 5 жылда мал ұрлау біршама азайған. 2018 жылы 5 мыңнан астам қылмыс тіркелсе, 2022 жылы 1 мыңнан астам қылмыскер ұсталды.

Өзгелердің жаңалығы