Журналист вируспен күресудің шығыны аз, оңай әдісін ұсынды

19 Маусым 2020, 11:57
1792
Бөлісу:
Журналист вируспен күресудің шығыны аз, оңай әдісін ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Отандық теларналарда бірнеше бағдарламаны жүргізген, Қытайда тәлім алған журналист Ертай Нүсіпжанов вируспен күресудің Оңтүстік Корея қолданған тәсілін қолдануды ұсынды.

Қытайдан кейін коронавирус пайда болған елдердің бірі - Оңтүстік Корея. Бұл елде ең алғашқы індет жағдайы қаңтардың 27-і тіркелді. Содан бері шамамен 5 айдың ішінде 51.5 млн халқы бар Кореяда вирус жұқтырған 12 306 адам тіркелген. Ал індеттен көз жұмғандар саны 280-ге жетіп тоқтап тұр. Халық саны олардан шамамен 3 есе аз біздің елде індет жағдайы наурыздың 3-де тіркелді. Содан бері 3 айдың ішінде ауру саны Кореядан едәуір асып кетті. Өлім жағдайы да қарқынды өсіп жатыр, - дейді Ертай Нүсіпжанов.

Ол қытайлық сарапшылардың жазғанын оқыған. Онда Қазақстанда вирусты анықтау жолдарының қиындығы, ауруды анықтайтын орындардың жеткіліксіз екендігі айтылған. 

Естеріңізде ме, алдыңғы айда біздің тарап Қытайдың медициналық бригадасын алдыртып еді ғой? Бірақ, олардың нақты қандай пайдасы тиді? Олар не үйретті? Ол туралы ресми мәлімдеме жасалмады. Қытайлық эксперттердің тұжырымдамасын өздерінен оқыдым. Онда Қазақстанда вирусты анықтау жолдарының қиындығы, ауруды анықтайтын орындардың жеткіліксіз екендігі айтылған. Сол себепті келешекте Қазақстанда ауру санының көбейетіні туралы жазылған, - дейді журналист.

Ертай ауруды ауыздықтау 85% профилактикалық жұмыстарға, тек 15%-ы емдеуге тәуелді деп отыр. Сондықтан індетті бақылауға алған Корея сынды елдер жеңіске ауруды алдын алу шараларының мықтылығынан жетті деп санайды. Өйткені, коронавирусты емдейтін вакцина ешкімде жоқ.

Суретте көргендеріңіздей, Корея аз уақытта ауруды анықтайтын арнайы дүңгіршектерді көшелерге тізіп тастады. Онда пациент пен дәрігерде еш контакт болмайды. Далада орналасқандықтан табиғи түрдегі ахуал вирустың бір жерде қонақтап қалуына мүмкіндік бермейді. Тарамайды. Әрі тексеру уақытын 1.5 есеге азайтатыны жазылған. Сондай-ақ медбикелерге N95 маскасы мен арнайы қорғаныш киімдеріне мұқтаждық тумайды, - дейді ол.

Журналист аурудың алдын алудың бір ғана тәсілі бар екенін, бір қарағанда пайдасы шамалы көрінетін шығар, бірақ аурумен күресте шешуші рөл атқарып жатқан дәл осындай шешімдер екенін айтады. Себебі, ауруды тек емдеп емес, қорғану шараларын күшейту арқылы ғана еңсереміз дейді.

Өзгелердің жаңалығы