Жұмыспен қамту шараларына қанша адам қатысты

15 Сәуір 2024, 20:48
270
Бөлісу:
Жұмыспен қамту шараларына қанша адам қатысты
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 173,3 мың адам қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, 142,3 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 50,3 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 92 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 8,1 мың адам, жастар практикасында 4,9 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 66,3 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 2,8 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 51 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 9,9 мың адам жұмыспен қамтылды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 17,1 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 15,1 мыңы оқуды аяқтады.

Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 13,6 мың адам қамтылды, оның ішінде 8,1 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.

Қызмет саласын таңдау мақсатында 58,2 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде 9 мың грант және жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық, сомасы 5 млн теңгеге дейінгі 5 796 жеңілдетілген микрокредит беру көзделген.

Еске сала кетейік, еліміздегі күрделі су тасқыны жағдайына байланысты үміткерлерден гранттар алуға өтінімдерді қабылдаудың бірінші легінің мерзімін уақытша ауыстыру туралы шешім қабылданғанын атап өтеміз. Өтінімдерді қабылдаудың басталуы туралы халыққа қосымша хабарланатын болады.

Өзгелердің жаңалығы