Жұмыс берушілерге 189 млн теңге айыппұл салынды – еңбек инспекторы

22 Қазан 2021, 13:08
1224
Бөлісу:
Жұмыс берушілерге 189 млн теңге айыппұл салынды – еңбек инспекторы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов 9 айда 8 мыңнан астам бұзушылық анықталғанын айтты. Жұмыс берушілерге 189 млн теңге сомасына айыппұл салынды.

9 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 8 мыңнан астам бұзушылықты анықтады, олардың 30%-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына тиесілі. Атап айтқанда, қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеу, жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқамалықты өткізбеу, жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқ киіммен қамтамасыз етпеу, еңбекті қорғау бойынша қызметтің немесе жауапты тұлғаның болмауы.

Жұмыс берушілерге 2,7 мыңнан астам ұйғарым беріліп, 189 млн теңге сомасына 1 мыңнан астам айыппұл салынды. Құқық бұзушылыққа кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау мақсатында құқық қорғау органдарына 777 материал жіберіліп, олар бойынша 102 қылмыстық іс қозғалды, – деп түсіндірді Төлеген Оспанқұлов.
Одан бөлек, еліміздің 2,7 мыңнан астам кәсіпорны Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша стандарттарды енгізген.
2020 жылы техникалық инспекторлар еңбек жағдайлары бойынша 64 039 тексеру жүргізді, оның барысында 118 912 бұзушылық анықталды, оның ішінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері бойынша – 42 704. Ұйымда еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған 34 434 ұсыныс берілді. 318 бірлік жабдық, машина, жұмыс орындары мен өндірістік цехтардың жұмысы тоқтатылды. Талдау көрсеткендей, өндірістік кеңестер қызметінің тиімділігі бар, өйткені олар анықтаған бұзушылықтарды жою нәтижесінде өндірістік жарақаттануды болдырмауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға ықпал етті, – деп айтты еңбек инспекторы.
Ол министрлік Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, Мемлекет басшысының «Халықтық бақылау» жобасын енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін еліміздің кәсіпорындарында мүгедектігі бар адамдарды «халық бақылаушылары» ретінде тарту бойынша жұмыс берушілермен ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.
Жобаны іске асыру жұмыс орындарының белгіленген квотасы шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Оларды кәсіпорын штатына еңбек шарты бойынша бейнебақылау операторлары ретінде ресімдейді, Олар ауысыммен онлайн режимде жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қадағалайды және қауіпсіздік техникасының бұзылуын қадағалайды. Бүгінгі таңда «Халықтық бақылау» жобасын республиканың 148 кәсіпорны енгізді, – деді Төлеген Оспанқұлов.

Өзгелердің жаңалығы