Жол құрылысындағы 100 млн теңге залал: Шымкентте мердігерлердің заңсыз әрекеті әшкереленді

13 Қараша 2026, 13:25
АВТОР
 АФМ 13 Қараша 2026, 13:25
13 Қараша 2026, 13:25
190
Фото: АФМ

Шымкент қаласының прокуратурасы автомобиль жолдарын салу барысында пайдаланылған құрылыс материалдарын заңсыз өндіру фактілерін анықтады. Алдын ала есеп бойынша келтірілген залал 100 млн теңгеден асады.

Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарының заңдылығын тексеру барысында жекелеген мердігер ұйымдардың жобалау-сметалық құжаттамада көзделген карьерлердің орнына өз бетінше игерілген жер қойнауы учаскелерінен өндірілген құм-қиыршық тас қоспасы мен қиыршық тасты пайдаланғаны анықталды.

Атап айтқанда, Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Достық шағынауданында құрылыс материалдарын заңсыз өндіру фактісі белгілі болды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, заңсыз карьерлерді пайдалану мердігерлерге құрылыс материалдарын сатып алу және тасымалдау шығындарын едәуір азайтып, қосымша пайда табуға мүмкіндік берген. Тексеру барысында шамамен 20-25 жүк көлігімен құрылыс материалдарының қаладағы жол құрылысы нысандарына тасымалданғаны анықталды. Аталған дерек бойынша 2026 жылғы 2 қарашада Қаратау ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабының 2-бөлігімен (жер қойнауын өз бетінше пайдалану) қылмыстық істі тіркеді, – деп хабарлады Шымкент қаласының прокуратурасы.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, құрылыс материалдарын заңсыз өндіру мен пайдаланудың барлық мән-жайлары анықталуда.

Жол құрылысы саласындағы тексеру жұмыстары жалғасуда.

Еске салайық, бұған дейін Бұландыда 167,8 млн теңгелік жол жөндеу жобасына қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.

Сондай-ақ, 2026 жылғы 11 қарашада Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті ұстады. Олармен бірге сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де адамдар ұсталған. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Тағы оқи отырыңыз:

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары ұсталды: Олар кім және Президент бұған дейін қандай сын айтқан?

Мәртебе құтқармайды: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты сарапшылар не айтты?

Нұртөре Жүсіп: Бұрын тек шабақтар мен шортандар қармаққа ілінсе, бүгін екі бірдей акула ауға түсті

Наверх