Жол ережесін қайта-қайта бұзғандар куәлігінен бір жылға айырылуы мүмкін

 ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов 22 Қыркүйек 2026, 10:55
22 Қыркүйек 2026, 10:55
189
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

Қазақстанда жол ережесін бірнеше мәрте және өрескел бұзған жүргізушілердің куәлігін бір жылға тоқтатуды көздейтін баллдық жүйе пысықталып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, айыппұлды елемейтін жүргізушілерге қатысты қосымша шаралар қажет. Ұсынылып отырған жүйе әрбір заңбұзушылық пен оның ауырлығын ескереді.

Қазіргі уақытта, айыппұлды елемейтін «өрескел» құқық бұзушылар бар. Олармен күресу мақсатында «баллдық» жүйені енгізуді пысықтаудамыз. Ол – әрбір заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр бұзушылықтар үшін – жүргізуші куәлігін 1 жылға тоқтату көзделеді. Тиісті түзетулерді Құрылтайдың қарауына енгіземіз, – дейді ведомство басшысы.

Сәденов такси қызметіне қойылатын бақылаудың да күшейтілгенін айтты. Агрегаторларға такси ретінде тіркеуге жол бермеу үшін 70 мың оң рульді көліктің тізімі жіберілген.

Автотасымал саласы – ерекше бақылауда. 2025 жылдан бастап такси агрегаторларына бақылау күшейтілді. Олармен цифрлық ақпарат алмасуды жолға қойдық. Мысалы, оларға 70 мың оң рульді көліктердің тізімі жіберілді. Олар енді такси ретінде тіркеле алмайды. Сондай-ақ, жүргізуші куәліктерін автоматты түрде тексеру енгізілуде. Яғни, күәлігі жоқ адамдар жұмыс істей алмайды, – дейді Сәденов.

Министр Көлік министрлігі мен такси агрегаторларына жүргізушілердің рейс алдында медициналық тексеруден өтуін, көліктердің техникалық тексеруі болуын бақылаудың нақты тетігін әзірлеу қажетін атап өтті.

Жалпы, Ішкі істер министрлігі, өз кезегінде, жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру бағытында қажетті шараларды қабылдауда. Ең үздік халықаралық тәжірибені зерделеп, енгізіп жатырмыз, – дейді министр.

Еске салсақ, Астана мен Алматыда дрифт жасаған жүргізушілер 10 тәулікке дейін қамауға алынды. ІІМ рейдтері кезінде жыл басынан бері 226 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде қауіпті жүргізуге қатысты деректер де бар.

Сондай-ақ, сегіз сағаттан артық рөлде отырған жүргізушілерді жасанды интеллект анықтайтыны хабарланды.

Тағы оқи отырыңыз:

«Айыппұл емес, қамау қажет»: Бектенов түнде шу шығаратын жүргізушілерге қатаң шара қолдануды тапсырды

«Алматы – Ташкент» тасжолында 60 адам қаза тапқан: Министр ең қауіпті жолдарды атады

Наверх