«Айыппұл емес, қамау қажет»: Бектенов түнде шу шығаратын жүргізушілерге қатаң шара қолдануды тапсырды

 Үкіметтің баспасөз қызметі 22 Қыркүйек 2026, 10:34
22 Қыркүйек 2026, 10:34
296
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов түнде қатты шу шығарып, тұрғындардың тыныштығын бұзатын мотоцикл және автокөлік жүргізушілеріне қатаң шара қолдануды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет отырысында Премьер-министр Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы сұрады.

Қатты шулайтын мото және автокөлік мәселесін бірнеше рет өзіңізбен талқыладық. Оларға өте қатаң шаралар қабылдау қажет, әйтпесе адамдардың түн ортасында мазасын алып, ұйқы бермей жатыр. Қандай жұмыс атқарып жатырсыздар? – деді Олжас Бектенов.

Ержан Сәденовтің айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтарды анықтауға камералар көмектеседі. Тұрғындар да 102 нөміріне хабарласып, полицияға мәлімет беріп отыр.

Жыл басынан бері 372 факт тіркелді. Олардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 55 азамат қамауға алынды. Айыппұл тұраққа да көліктері апарылады. Бұл жұмысты күшейтеміз, – деді Ішкі істер министрі.

Министрдің жауабынан кейін Үкімет басшысы қолданылатын шараларды қатаңдату қажеттігін айтты.

Оларға айыппұл емес, қамау қажет, – деді Олжас Бектенов.

Еске салсақ, Астана мен Алматыда дрифт жасаған жүргізушілер 10 тәулікке дейін қамауға алынды. ІІМ рейдтері кезінде жыл басынан бері 226 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде қауіпті жүргізуге қатысты деректер де бар.

Наверх