Сегіз сағаттан артық рөлде отырған жүргізушілерді жасанды интеллект анықтайды

 ©BAQ.KZ архиві/Жалғасбек Тоқтамысов 22 Қыркүйек 2026, 10:42
22 Қыркүйек 2026, 10:42
206
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Жалғасбек Тоқтамысов

Қазақстанда жасанды интеллект арқылы сегіз сағаттан артық көлік жүргізген адамдар мен ұрланған автокөліктер анықталып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған цифрлық сервистер «ТОР» платформасына біріктірілген. Ал «Қорғау» жүйесі іздеуде жүрген, жалған нөмір таққан көліктерді және жол ережесін өрескел бұзушыларды анықтауға көмектеседі.

Жасанды интеллектіні қолдану арқылы көліктерге бақылау жүргізіледі, 8 сағаттан артық рөлде отырған адамдар, сондай-ақ ұрланған автокөліктер анықталуда, – деді Ержан Сәденов.

Жол ережесін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркейтін жүйелердің саны 28 мыңнан 32 мыңға дейін көбейген.

Сәденов республикалық трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі де нәтиже беріп отырғанын айтты. Осы жүйе орнатылған учаскелерде жол-көлік оқиғалары 10%-ға, қаза тапқандар саны 33%-ға, жарақат алғандар саны 12%-ға азайған.

Қазір орташа жылдамдық жалпы ұзындығы 2 800 шақырым болатын 12 учаскеде бақыланады. Жыл соңына дейін Көлік министрлігімен бірлесіп, тағы 2 800 шақырымды қамтитын 16 учаскеге осындай жүйе орнату жоспарланған. Осылайша, бақылау жүргізілетін жолдардың ұзындығы 5 600 шақырымға жетеді.

Трассаларда түнгі уақытта және ауа райы қолайсыз кезде жүру бағытын көрсететін лазерлік жүйелер де енгізіліп жатыр. Қазір 22 учаскеде 56 құрал бар. Жыл соңына дейін қосымша 20 учаскеге 48 жүйе орнату көзделген.

Сонымен қатар дрондар мен мобильді кешендер қолданылуда. Министрдің сөзінше, бұл тәсілдер қарсы жолаққа шығу сияқты ереже бұзушылықтарды көбірек анықтауға, мас жүргізушілерді жедел ұстауға және өрескел құқық бұзушыларға қатысты қамау шарасын кеңінен қолдануға мүмкіндік берген.

Жалпы, биыл елде жол-көлік оқиғалары 5%-ға, қаза тапқандар саны 15%-ға, жарақат алғандар саны 6%-ға төмендеген. Дегенмен министр бұл көрсеткіштермен шектелуге болмайтынын атап өтті.

Бірақ, бұл нәтижемен шектеліп, өзімізді жұбатуға болмайды. Әрбір санның артында – адам өмірі мен денсаулығы тұр. Сондықтан, нақты жұмыстарды жалғастырып жатырмыз, – деді Сәденов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астана мен Алматыда дрифт жасаған жүргізушілер 10 тәулікке дейін қамауға алынды. ІІМ рейдтері кезінде жыл басынан бері 226 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде қауіпті жүргізуге қатысты деректер де бар.

Тағы оқи отырыңыз: «Айыппұл емес, қамау қажет»: Бектенов түнде шу шығаратын жүргізушілерге қатаң шара қолдануды тапсырды 

Наверх