Жол апатынан жыл сайын 2 мыңнан астам адам қаза табады – ІІМ

4 Шілде 2022, 11:20
2165
Бөлісу:
Жол апатынан жыл сайын 2 мыңнан астам адам қаза табады – ІІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің дәстүрлі брифингінде белгілі болды. 

Жол қауіпсіздігі мәселесі – қазіргі уақытта ең маңызды және өзекті мәселелердің бірі. Жыл сайын елімізде жол жүрісі қағидаларын бұзу салдарынан жол апатында екі мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мыңға жуық азамат жарақат алады. Кездесуге қатысушылар осы мәселені шешу жолдарын талқылап, «Сергек» камераларының тиімділігін мұқият зерделеді, - деді модератор Шұғыла Тұрлыбек. 

Ол атағандай, ІІМ басшысы Марат Ахметжанов «Сергек» компаниясының өкілдерімен кездесті. 

Тараптар жол қауіпсіздігі мен жол жүрісі қағидаларын бұзушылықтарды анықтау және түрлі қылмыстарды ашуда бейнетіркеу камераларының тиімділігін талқылады. «Сергек» жүйесінің келесідей ерекшеліктері бар: жылдамдықты оптикалық анықтау, машиналарды іздеу, тәуліктік бейнебақылау, бейнежазбаларды сақтау және талдау, құқық бұзушылықтарды анықтау, басқа камералармен және мемлекеттік жүйелермен байланыс. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында және «Сергек» камераларының көмегімен жол-көлік апатынан болатын өлім-жітім мен қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі айтарлықтай азайды. «Sergek Development» директоры Қайрат Ахметовтың айтуынша, бұл жүйе Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Түркістан, Тараз, Семей және Өскемен қалаларында іске қосылған және алдағы уақытта ел бойынша бейнетіркеу камераларының санын арттыру жоспарланып отыр, - деді ол. 

Айта кету керек, «Сергекпен» анықталған бұзушылықтар үшін салынған барлық айыппұл жергілікті бюджетке түседі. Жол жүрісі қағидаларын бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін бейнебақылау және бейнетіркеу жүйелерін орнату бойынша полицияның, жергілікті атқарушы органдардың және қоғамның ортақ жауапкершілігі еліміздің азаматтарының қауіпсіздігін тиісті түрде сақтауға септігін тигізеді.

Өзгелердің жаңалығы