Орал тұрғыны ұшты-күйлі жоғалып кетті

3 Қазан 2019, 11:45
4032
Бөлісу:
Орал тұрғыны ұшты-күйлі жоғалып кетті
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оралда хабар-ошарсыз кеткен 27 жастағы Әйгерім Ұзақова бес күннен бері іздестіріліп жатыр, деп хабарлады Astanatv.kz.

Полицейлер оны көрген-білген жандар болса, хабарласуын сұрап отыр. Қазір іздестіру жұмыстарына төтенше қызмет өкілдері мен еріктілер жұмылдырылды. 

Қалада Әйгерімнен өзге тағы 5 адам жоғалып кеткен. 

Қазір оралдық волонтерлер із-түзсіз кеткен Әйгерім Ұзақованың суретін әлеуметтік желілер арқылы таратып жатыр. Полиция адам жоғалу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарына кіріскен.  

"Листовкаларды аялдамалардың артына, үйлердің қабырғаларына, адамдар көп өтетін жерлерге ілеміз. Бірақ кейбір адам оны түсінбей жыртып тастайды. Осылай жыртпауыңызды сұраймын. Ол - адамның тағдыры, ол кісі де өзінің тума-туыстарымен қауышса дейміз", - деді волонтер Назерке Көпенова. 


Ал Гүлдана Тұржанованың із-түзсіз кеткеніне бір жыл өтті. Анасының айтуынша, кешкісін үйінен шығып кеткеннен қайтып оралмаған. Тіпті, құжаттары мен ақшасы да бөлмесінде қалыпты. Қамкөңіл ана арада жыл өтсе де, 19 жасар қызының бір күні жайраңдай күліп үйге келер сәтін зарыға күтіп жүр. 

"Оны үйден бір шаруасымен шығып кетті деп ойладым. Бірақ содан бері еш хабар жоқ. Егер мына суреттегі қызды көрсеңіз, тезірек хабарласуыңызды сұраймын. Оның тірі жүргенін жүрегім сезеді, жаман нәрсе ойлағым келмейді. Адамдардың хабар-ошарсыз кету себептері әртүрлі. Бірі жүйке ауруына шалдықса, енді бірі жақындарымен ренжісіп, жырақтағанды жөн көреді", - деп түсіндірді Гүлдананың анасы Альбина Төлеуова.

Бүгінде хабарсыз кеткен 44 адамның жақындарынан арыз түскен. Олардың 38-і табылды. Ал қалған алтауының қайда жүргені әлі белгісіз. 

"Көбінесе тума-туысқандары жоғалып кеткен оқиғаның себептерін бізден жасырады. Жай жоғалып кетті, келмей қалды дейді. Сол біздің жұмысымызды кішкене қиындатады. Неге десеңіз біз сол себепті талқылап, анығына жеткенше уақыт өтіп кетеді, кішкене қиындайды", - деді ОРал қалалық Полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Бисенов.

Статистикаға сүйенсек, хабар-ошарсыз кеткендердің 80%-ы жақындарымен қайта қауышады. Өкінішке қарай, мүрдесін тауып алып жататын кездер де жоқ емес. Ал полицейлер сапарға шыққан адамдарға мұқият жүріп, тума-туыстарымен үнемі хабарласып тұруға кеңес береді.

Өзгелердің жаңалығы