Жигули Дайрабаев айналасындағы шу: Балаларым өз тірліктеріне өздері жауап береді

3 Мамыр 2023, 13:02
701
Бөлісу:
Жигули Дайрабаев айналасындағы шу: Балаларым өз тірліктеріне өздері жауап береді
Фото: liter.kz

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін кулуарында депутат Жигули Дайрабаев айналасында болып жатқан шуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біздің артымыздан бәле іздеп, 1,5 млрд теңге ақшаны Дайрабаев алып, кепілдікке қойып кетіпті дейді. Менің ондай құқығым да жоқ. 1,5 млрд теңге деген күлкілі жағдай. Қазақтар «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп ұра береді. Дұрыстап қарау керек қой. Шу көбейгенде, 20 жыл өтіп кеткен дүние ғой. Мүмкін мен Парламентке депутат болмаған кезде ауылда қалатын мәселе деп ойлаймын. Кімнің ұйымдастырып жатқанын білемін. Бірақ олардың деңгейіне түсе алмаймын. Менің ойым, қазақ бірін-бірі жақсы көруі керек, құрметтеуі керек. Біздің мүдде - мемлекеттік мүдде. Басқа төмен деңгейге түсе алмаймын, - деп айтты депутат.

Дайрабаев балалары өз тірліктеріне өздері жауап беретінін айтты.

Құқық қорғау органдары өздері шешеді. Сот айналысады. Мен отставкаға кеткеннен гөрі халыққа пайдам көбірек тиеді. Ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосамыз, - деп айтты Жигули Дайрабаев Мәжілісте.

Еске салсақ, 7 сәуірде Тараз қалалық соты депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдарына қатысты үкім шығарды. Сол күні сот алдында жауап бергендердің қатарында "Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы" ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық болды. Нәтижесінде сот бұл азаматтардың субсидиялау қағидаларын бұзып, сатып алынған "Альбион" құлпынай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттік субсидиялар алғанын, олардың бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалғанын анықтады. Олар мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келтіргені белгілі болды. Салдарынан Жигули Дайрабаевтың екі ұлы Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық шартты түрде 5 жылға сотталды.

Өзгелердің жаңалығы