Сот Жигули Дайрабаевтың ұлдарына қатысты үкім кесті

7 Сәуір 2023, 11:05
1193
Бөлісу:
Сот Жигули Дайрабаевтың ұлдарына қатысты үкім кесті
Фото: kazinform/Victor Fedyunin

Тараз қалалық соты депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдарына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараз қаласы №2 соты субсидияларды ұрлау туралы істі қарап, үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы алаяқтық, яғни адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот алдында жауап бергендердің қатарында "Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы" ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық бар.

Нәтижесінде сот "Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы" ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, сондай-ақ кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық субсидиялау қағидаларын бұзып, сатып алынған "Альбион" құлпынай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттік субсидиялар алғанын, олардың бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалғанын анықтады. Олардың мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келтіргені де анықталды.

Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық - Мәжіліске "Ауыл" партиясынан сайланған Жигули Дайрабаевтың ұлдары. Бұны Жамбыл облыстық сотының судьясы Ғалым Күлекеев растады. Олардың кінәсі жиналған дәлелдемелермен, куәлердің айғақтары, бейнежазбалар, сарапшылардың қорытындылары, заттай дәлелдемелермен дәлелденген. Прокурор қылмыстардың жиынтығы ескере отырып, Дайрабаев пен Молдақалыққа әрқайсына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Ал сотталушылар болса, кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады.

Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайға Күлкеевтің кәсіби антты бұзғанын, ал жеңілдететін жағдайларға соттылықтарының болмауы мен Күлкеевтің, Дайрабаевтың, Молдақалықтың кішкентай балалары болуын жатқызған. Дайрабаев пен Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, түпкілікті әрқайсына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, пробациялық бақылауға белгілене отырып шартты түрде тағайындалды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ, - делінген қалалық сот хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы