Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Румынияның Яссы қаласында өтіп жатқан WTA 250 санатындағы турнирдің жұптық сынында финалға шықты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Жібек Құламбаева Армения өкілі Алина Чараевамен жұптасып, жартылай финалда бельгиялық Магали Кемпен мен ресейлік Александра Пановаға қарсы өнер көрсетті. Турнирдің бірінші нөмірлі жұбы саналған қарсыластарын олар екі сет қорытындысы бойынша 6:4, 7:6 (7:3) есебімен жеңді.
Кездесу 1 сағат 51 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Құламбаева мен Чараева эйс жасамады, алты рет қос қателікке жол беріп, алты брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды.
Қазақстандық-армениялық жұптың финалдағы қарсыластары кейінірек анықталады.
Сонымен қатар, Қазақстанның ерлер арасындағы екінші ракеткасы Александр Шевченко Швейцарияның Гштаад қаласында өткен ATP 250 турнирінің екінші айналымында жеңіске жетті.
Әлемдік рейтингте 100-орында тұрған Шевченко жергілікті теннисші, әлемнің 360-ракеткасы Доминик Стрикерді 7:6 (7:5), 6:2 есебімен жеңді.
Матч 1 сағатқа созылды. Қазақстандық спортшы тоғыз эйс жасап, үш қос қателік жіберді және төрт брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдаланды.
Ширек финалда Александр Шевченко әлемдік рейтингтің 90-орнындағы франциялық Кентен Галимен кездеседі. Гали екінші айналымда Қазақстанның бірінші ракеткасы әрі Гштаад турнирінің былтырғы чемпионы Александр Бубликті 6:7 (4:7), 6:4, 7:6 (7:5) есебімен жеңді.
Бұл кездесу 2 сағат 23 минутқа созылды. Бублик 13 эйс жасағанымен, алты қос қателікке жол беріп, екі брейк-пойнттың біреуін де пайдалана алмады.
Осылайша, Александр Бублик Гштаадтағы турнирдегі өнерін аяқтап, өткен жылғы чемпиондық атағын қорғай алмады.