Дрон шабуылынан кейін КҚК терминалында мұнай тиеу тоқтатылды

Қазақстанның Энергетика министрлігі қауіпсіздік мақсатында мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді.

 Каспий құбыр консорциумы 19 Шілде 2026, 20:46
19 Шілде 2026, 20:46
711
Фото: Каспий құбыр консорциумы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 19 шілдеде КҚК теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары кезінде «ASIA» және «NISSOS IOS» танкерлеріне ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалған. Аталған кемелер Қазақстанда өндірілген мұнайды тиеп жатқан. Танкерлерде халықаралық экипаж мүшелері болған.

Шабуыл салдарынан кемелерде өрт шықты. Алайда экипаждың жедел әрекетінің арқасында өрт қысқа уақытта сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. ВПУ-1 және ВПУ-3 қашықтағы айлақ құрылғылары зақымданған жоқ, – делінген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәлімдемесінде.

Министрлік теңіз акваториясына мұнайдың төгілуіне жол берілмегенін хабарлады.

Қазіргі уақытта оқиғаның салдары толық бағаланғанға дейін терминалда мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Мұнай жөнелтуді қайта бастау туралы қосымша ақпарат кейінірек беріледі, - деп мәлімдеді ведомство.

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мұндай шабуылдардың азаматтық мақсаттағы аса маңызды энергетикалық инфрақұрылым нысандарына қарсы жасалуын жол беруге болмайтын әрекет деп бағалады.

Халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына кез келген күш қолдану жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіреді, энергетикалық ресурстардың халықаралық саудасының үздіксіз жұмыс істеу тетіктерін бұзады және жобаға қатысушылардың экономикалық мүдделеріне елеулі зиян келтіреді, - деп түйіндеді Энергетика министрлігі.

Наверх