Жезқазғандағы түрмеге белгісіз біреулер 34 ұялы телефон кіргізбек болған

10 Қыркүйек 2024, 15:52
301
Бөлісу:
Жезқазғандағы түрмеге белгісіз біреулер 34 ұялы телефон кіргізбек болған
Фото: Арман Мухатов -архив

Ұлытау облысындағы №62 түзету мекемесіне тыйым салынған заттарды кіргізбек болғандардың жолы кесілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Олар бір қап сәбіздің арасына отыздан аса ұялы телефон жасарып, өткізбек болған.

Жезқазғандағы түрме аумағына тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері тыйылар емес. Қылмыстық атқару департаментінің қызметкерлері мекеме аумағына ірі көлемде ұялы байланыс құралдарын кіргізбек болғандардың жолын кесті. Департамент қызметкерлері №62 түзету мекемесіне азық-түлік жеткізетін «Газель» автокөлігін тексеру барысында бір қап сәбіздің арасынан қара пакетке оралған 4 түйіншек тапқан. Табылған түйіншектердің ішінен 34 ұялы телефон, 11 құлаққап, 3 флэш-карта, 30 SIM карта тәркіленді. Заңсыз әрекетін мекемеге азық-түлік тасымалдайтын көлік арқылы іске асырмақ болғандар іздестірілуде.

Аталған факті бойынша Жезқазған қаласының полиция бөлімінің жедел тергеу тобы шақыртылды. Қазіргі уақытта тыйым салынған заттарды кім жібергендігін және кімге жіберілгендігін анықтау мақсатында тергеу, іздестіру шаралары жүргізілуде. ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша түзету мекемелеріне тыйым салынған заттарды кіргізбек болған азаматтар заңсыз әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылатын болады, - дейді Қарағанды облысы және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық атқару департаментінің режим, қадағалау және күзет бөлімі бастығының міндетін атқарушы әділет капитаны Назарбек Армия.

Департамент қызметкері қылмыстық-атқару жүйесінің арнайы мекемелеріне ақша, алкогольді сусындар, дәрі-дәрмек немесе еліткіш әсері бар басқа да заттарды, ұялы байланыс құралдарын кіргізуге тыйым салынғандығын айтты.

Өзгелердің жаңалығы