Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісудағы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған мектеп. Нәтиже қандай?

13 Маусым 2025, 18:25
589
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Еліміздегі тұңғыш жылжымалы мектеп Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін қалыптастыру тапсырмасына сай құрылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

50 оқушы алғаш рет кітап оқыды

Қазіргі қоғамда рухани құндылықтар екінші қатарға ысырылғандай әсер қалдырады. Алайда, адамзаттың жан дүниесін жаңғыртып, түп тамыры мен төл әдебиетіне деген қызығушылығын арттыратын жобалар ауадай қажет. 

Бұл ретте алдымен құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің «Өнерге ұмтыл, өнерді біл, замандас. Қамдан, жатпа, заманыңмен хабарлас» деген отты жыры еске түседі. Жастарды кітап арқылы танымға жетелеп, әдебиет арқылы рухани кемелдікке бастайтын бастамалар қоғам үшін ерекше маңызды. 

Сондай игі істердің бірі — Жетісу жерінде бастау алған «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі. Бұл елімізде бұрын болмаған бөлек бастама.

Жоба осыдан үш ай бұрын Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұхтар Күмісбек пен белгілі қаламгер, «Jetisý» газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері Жұматай Әміреевтің бастамасымен өмірге келді. 

Жетісу облысы әкімдігінің, сондай-ақ мәдениет пен білім басқармаларының қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба көктемде көктей өскен ұрпақтың әдебиетке деген ынтасын оятуға күш салды. Алғашында 200 оқушыны қамтып, солардың ішінен 20 нағыз талантты танып, қанаттандыруды мақсат тұтқан «Мизам» жобасы жоспардан да жоғары нәтиже көрсетіп, қорытынды кешке 100-ге жуық шәкірттің белсене қатысуымен мәресіне жетті.

Әдебиет арқылы жас ұрпақты елжандылық пен руханиятқа баулу — болашақтың іргесін бекітудің кепілі. Бұл жоба дәл осы миссияны мақсат етіп, әр аудан мен қалада бір апта көлемінде өтіп, шығармашылыққа бейімі бар 6–10 сынып оқушыларын жазу өнеріне, кітап оқу әдебіне баулыды. 

Апта бойғы дәрістерден соң қатысушылар арнайы сертификат иеленді. Білім беру мен мәдениет тоғысқан осы бір бастама өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық маңызға ие жобаға айналуға бағыт алып отыр. Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарынан да қызығушылық танытқан тараптар көбейіп келеді.

Жобаның қорытынды кеші Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында салтанатты түрде өтті. 8 аудан мен 2 қаладан келген шәкірттер қызыл кілем арқылы залға еніп, мәртебелі меймандармен жүздесті. Финалдық кезеңге жолдама алған 100 оқушы «Мизам» мектебі сыйлаған 100 әдеби кітапқа қолтаңба жинау мүмкіндігіне ие болды. Бұл сәтке танымал жазушылар мен ақындар — Есболат Айдабосын, Қанат Тілеухан, Ерғали Бақаш сынды қаламгерлер қатысты. Қонақтармен өткен сұхбат-сабақтарда оқушылар әдебиеттен бөлек, заман, қоғам, құндылықтар, тәрбие мен арман туралы мазмұнды сауалдар қойып, үлкен ойларға жетелейтін пікірталастар өрбіді.

Жазушы Қанат Тілеухан өзінің «Медаль» әңгімесіне байланысты қойылған сұраққа жауап бере отырып: «Адамның адамнан биіктігі тек ақыл, тәрбие және білім арқылы өлшенеді. Бәсекенің ең үлкені — білім бәсекесі» деген терең тұжырым айтты. Ол атақтың адамды биік етпейтінін, қайта кейде құрдымға апаратынын, шын таланттың бағасы еңбекте екенін атап өтті. 

Ал Есболат Айдабосын жастарға қажу мен жалығу жайлы айтып, өмірде қанша шаршаса да ар-ождан мен міндетті ұмытпау керектігін, Мұхтар Мағауин секілді биік мақсат қоюдың маңызын түсіндірді. Ақын Ерғали Бақаш өз сөзінде бала кезіндегі әдебиетке деген алғашқы қадамдарын бөлісе отырып, жырдың адам санасына қалай серпіліс әкелетінін мысал етті.

Сұрақ-жауап форматында өткен шығармашылық кешке оқушылар жаттанды емес, жүректен шыққан сауалдарымен ерекшеленді. Ұлттық болмыс, руханият, адамның ішкі әлемі туралы талғамды ойлар қозғалды. Бұл — «Мизам» мектебінің шәкірттерінің терең ізденіске ден қойғанын білдіреді.

Кештің негізгі бөлімінде жобаның жетекшілері Жұматай Әміреев пен Мұхтар Күмісбек атқарылған жұмысты баяндап, арнайы бейнеролик көрсетілді. Өз сөзінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов: «Бастапқыда бұл жоба нысаналы жоба болып көрінгенімен, бүгінде мектепке, болашақта университетке айналар үлкен арнаға түсті. Мұндай істе жүргеніме өзімді бақытты санаймын», – деді ол.

Салтанатты кештің соңында Қазақстанның Құрметті жазушысы Әміре Әрін, ақын Нүсіпбай Әбдірахым және өзге де зиялы қауым өкілдері үздік деп танылған 15 шәкіртті марапаттады. Олар «Мизам» мектебінің алғыс хатымен және 50 мың теңгелік сертификатпен марапатталып, құрметке бөленді.

Жетісудағы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған мектеп. Нәтиже қандай?

Өзге өңірлер қызығып отыр

Жас буынды әдебиет әлеміне жетелеу мақсатында Жетісу облысында елімізде алғаш рет «Мизам» атты көшпелі әдебиет мектебі құрылғанда оның алдағы жұмысына күмәнмен қарағандарды болды. Жасыратыны жоқ, аталған жобаның алғашқы оқу жылын табысты аяқтарына сеніммен қарағандар да санаулы болды. Дегемен оқу жылының аяғында жүздеген оқушы кітапқұмар атанып, мектептің күзде жалғасуын сұрап отыр. Бұл – елімізде бұрын-соңды болмаған, тың, авторлық форматтағы шығармашылық мектеп екенін ескерсек, болашақта руханиятқа қызмет етер талай жасқа шабыт берері сөзсіз.

Жоба Жетісу облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен жүзеге асты. Үш айлық оқу барысында «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі облыстағы 8 аудан мен 2 қаланы аралап, 200-ден астам жас оқушыны қамтыды. Әр аудан орталығына ауыл-аумақтан әдебиетке қызығушылық танытқан 6–10 сынып оқушылары шақырылды. Жеткіншектер бір апта бойы «Оқу әдебі» мен «Жазу мәнері» бағытындағы курстардан өтті. Курс соңында барша қатысушы арнайы сертификатқа ие болды, дейді Ж.Оспанұлы.

Бұл мектеп – жас дарын иелерінің шығармашылық қабілетін шыңдауға арналған жаңа буын жобасы. Қалам ұстауға құштар оқушылар үшін бұл – шабыт пен бағыт беретін қайнар көз. Жоба аясында арнайы әдістемелік оқу құралы жарық көріп, сабақтар сол жинақ негізінде жүргізілді.

Айта кетейік, «Мизам» әдебиет мектебі жеті бағыт бойынша жұмыс істеді: Тұлғатану; Кітап оқуға баулу; Көркем жазу дағдысын дамыту; Жергілікті қаламгерлердің шығармаларын насихаттау; Әдеби байланыстарды нығайту; Ақын-жазушылармен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру; Жастарды мәдени шараларға тарту. Мектеп аясында шығармашылық қабілетімен дараланған, эссе мен өлең жанрында үздік нәтиже көрсеткен және кітап оқуда белсенділік танытқан 100-ге жуық оқушы ақтық сынға жолдама алды. Олардың ішінде 45 оқушы өмірінде алғаш рет кітап оқып, әдеби әлемге алғаш қадам басқан жеткіншектер болды.

Жобаның тиімді тетіктерінің бірі – аудан оқушыларының қатысуымен WhatsApp желісінде арнайы топтардың құрылуы. Бұл ортада балалар екі күн сайын оқыған кітаптары туралы ой бөлісіп, әдеби талдау жасады. Жалпы саны 80-ге жуық автордың шығармалары оқылып, оның 30 пайызы жергілікті қаламгерлерге тиесілі болды. Жоба ел ішінен ғана емес, Батыс, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының да қызығушылығын тудырып, ынтымақтастық орнату жөнінде ұсыныстар түсіп отыр, дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Жомарт Қаратас.

Жалпы алғанда, елімізде әдебиетті насихаттауға бағытталған бірқатар жарыстар бар. Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасы аясында оқушылар арасында ұлт руханиятын көтеруге бағытталған «Абай», «Махамбет», «Мағжан», «Ілияс» оқулары өткізіледі. Бұл байқауларға қатысу барлық мектепке міндеттелген. Соған орай, әр мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері шығармашыл оқушыларды іздеп, кейде жоқтан бар жасауға мәжбүр болады. 

Өкінішке қарай, кей кездері мұғалімдердің өздері де оқушы орнына өлең немесе эссе жазып беруге дейін барады. Бұл – ел ішіндегі шындық. Оған қоса, әр педагог көркем мәтін жазудың құрылымын толық меңгермеген болса, балаға қалай бағыт бермек? Осы түйткілді шешуге арналған «Мизам» әдеби мектебі – нағыз қажет бастама. Өйткені бұл мектептің басты мақсаты – жас қаламгерлердің әдеби қабілетін дамыту, бағыт-бағдар беру, ұлттық дүниетаным мен отансүйгіштік сезімді ұштау.

Жоба лекторы, ақын Жұматай Әміреевтің айтуынша, әдебиет мектебінде жастар өлең, шағын әңгіме, мақала, эссе жазу дағдыларын меңгереді. Олар поэзия мен прозаның негізгі талаптарын үйреніп, танымал қаламгерлердің шығармашылығы арқылы жазу стилін қалыптастырады. Сонымен қатар, жас буын өкілдері түрлі мерекелік және мәдени шараларға жұмыла қатысып, елдік сана мен рухани тәрбиені қатар сіңіреді.

Көшпелі мектептің тағы бір артықшылығы – ақын-жазушылардың ауылға келіп, дарынды балаларды өзі іздеп табуы. Бұған дейін әдебиетке ынталы ауыл баласы Талдықорғанға баруға мәжбүр болса, енді бұл үрдіс керісінше өзгеріп отыр. Әр ауданда 20 оқушы қабылданып, курс соңында арнайы сертификат беріледі. Жалпы, 8 аудан мен 2 қаладан жиналған 200 бала бұл жобаға қатысып үлгерді. Үздіктерге облыс әкімінің арнайы сыйлығы да қарастырылған.

Жастардың әдебиетке деген ынтасын оятып, дұрыс бағыт-бағдар беру – көп жылдан бері ескерілмей келе жатқан өзекті мәселе. Мектеп кезінде ақын, жазушы болуды армандаған талай бала лайықты тәлімгер болмаған соң, басқа салаға бет бұрып кеткен. Енді осы өрескел олқылықтың орнын толтыру үшін «Мизам» әдеби мектебі іске кірісіп отыр. 

Мұны облыстық «Дарын» орталығы да қолдап, жыл сайын қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдеріне арналған байқаулар ұйымдастырып келеді. Әр ауданға арнайы хат жолданып, ауыл мектептерінен дарынды балалар шақыртылады. Бұл міндет те мектеп әкімшілігіне жүктеледі. Қабілетті оқушы жоқ емес, бар. Алайда, оларға жөн сілтер әдебиетші маманның тапшылығы – бүгінгі күннің басты проблемасы. Бұл туралы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рауан Мырзахмет те өз пікірін білдіріп, шығармашылықты дамытудың осындай нақты механизмдерін қолдау қажеттігін айтты.

Айта кетейік, ақтық байқау алдында үздік оқушылармен арнайы шеберлік сағаттары да ұйымдастырылады. Бұл дәрістерге елге танымал ақын-жазушылар шақырылып, балалармен тікелей тәжірибе бөліседі.

Қорытындылай келе, «Мизам» әдебиет мектебі – ауылдағы таланттардың бағын ашатын, әдебиетке іңкәр жүректерге жол сілтейтін, ұлттық рухты жаңғыртатын бірегей рухани жоба. Оның болашағы – жастардың рухани серпілісі мен шығармашылық өсуінде жатыр.

Өзгелердің жаңалығы