Жетісу облысында жүк көліктері автоматты салмақ бақылауын айналып өтіп келген. Тасымалдаушылар «Сарыөзек – Көктал» тасжолындағы бақылау бекетін айналып өту үшін өндірістік қажеттіліктерге арналған техникалық жолды пайдаланған.
Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «ҚазАвтоЖол» жолдарды жауып, қазір жүк көліктері салмақ бақылауынан автоматтандырылған станция арқылы өтеді. Бақылауды күшейту үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.
Көлік прокурорлары тұрақты негізде жүк көлігінің заң бұзушылықтарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде көліктік бақылау инспекциясымен салмақ параметрлерін сақтамағаны үшін 22 мың тасымалдаушы әкімшілік жауаптылыққа тартылды, оларға 6 млрд теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ автокөліктің артық салмақпен шығуына мүмкіндік беретін кәсіпорындар да назарда. Жоғарыда аталған кезеңде 363 субъект жауапкершілікке тартылды, – деді ҚР Бас көлік прокурорының орынбасары Акан Искаков.