Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Astana Hub технопаркінің цифрлық нұсқасының таныстырылымында айтты.
Министрдің айтуынша, ол өңірлердегі стартаптардың инкубациясы мен акселерациясын қолдауы керек.Astana Hub өңірлік кеңістікте негізгі экожүйеге айналды. Былтыр Astana Hub-қа қатысты екі бағытты ұсындым. Біріншісі, олардың есептілігі онлайн жиналуы керек. Себебі қатысушылардың барлығы бума қағаздарды толтырып, есепті қағаз күйінде тапсыратын. Екіншісі Astana Hub елордада ғана жұмыс істемеуі керек. Ол барлық өңірде хаб қалыптастыруы керек, - деді министр.
Өткен жылдан бері олар осы бағытты жүзеге асырып жатыр. Биыл оны күшейте түседі. Техникалық форматта Алматыда өңірлік өкілдік ашылды. Нарықтың 70 пайызы Алматыда орналасқандықтан, экожүйе де сол жақта қалыптасуы керек. Сондықтан Astana Hub биыл Алматыда экожүйе қалыптастыратын өкілдік ашуы керек, - деді Мусин.
Бағдат Мусин экспортқа бейімділікті де арттыру керегін айтты.
Бізде 2025 жылға қарай IT индустрияны экспорттаудан 500 млн доллар табыс табу мақсаты тұр. Сондықтан Astana Hub толық экспорттық әлеуетке ауысады. Біз биыл халықаралық акселерациялық алаңдар мен венчурлық капиталистермен ынтымақтастық орнатамыз. Осылайша, біз жергілікті стартаперлерге шетелдік нарыққа шығуға мүмкіндік беруіміз керек, - деді Бағдат Мусин.
Айта кетейік, бүгін Astana Hub технопарктің цифрлық нұсқасын таныстырды.