Жергілікті әскери басқару органдарының жұмысы автоматтандырылды

12 Наурыз 2022, 17:29
2439
Бөлісу:
Жергілікті әскери басқару органдарының жұмысы автоматтандырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Цифрлық жергілікті әскери басқару органы» пилоттық жобасы бірыңғай ақпараттық ортаны қалыптастыруда және Қорғаныс министрлігінің азаматтарға көрсететін мемлекеттік қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуде тиімділігін дәлелдеп отыр. 

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қазір әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты факторларының бірі барынша цифрландыру екенін атап өтті. Ол жұмысты қосарлауды, тиімсіз шығындарды және бюрократияны жойуға ықпал етеді.

Жергілікті әскери басқару органдарын жаңғырту жобасы 2020-2021 жылдар ішінде тестіленген болатын. Оны тәжірибелік тұрғыда іске асыру үшін қызметтің барлық бағыттары бойынша ауқымды талдамалық жұмыстар жүргізілді. 

Азаматтар мен көлік ресурстарын әскери есепке алуды, мерзімді әскери қызметке шақыру науқанын, әскерге шақыруды кейінге қалдыруды және одан босатуды цифрландыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсетуді оңтайландыруға айтарлықтай күш-жігер жұмсалды.

Бұл ретте 16-60 жас аралығындағы ер адамдар туралы мәліметтер базасы цифрландырылып, басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктірілді. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алудың электрондық карточкалары жасалды. Бұл жергілікті әскери басқару органдарының көптеген қызмет процестерін автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр. 

Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды хабардар ету 1414 қызметі бойынша SMS-хабарламалар арқылы жүргізіледі. 

Азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы онлайн-қызметтің 11 түріне тапсырыс бере алады. Олардың ішінде: әскери есепке қою және одан шығару, әскерге шақыруды кейінге қалдыру, тіркеу куәлігін, әскери билетті немесе оның түпнұсқасын алу, жеңілдіктері бар адамдарға және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге біржола тұруға шығатын азаматтарға анықтамалар беру де бар.

Өзгелердің жаңалығы