Жер заңнамасын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады

18 Қаңтар 2023, 11:25
1265
Бөлісу:
Жер заңнамасын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады

Енді жер заңнамасын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды Мәжіліс екінші оқылымда қабылдады. 

Депутаттардың ұсынысы бойынша шетелдік жер пайдаланушыларға жалпыға ортақ жайылымдар мен шабындықтарды, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді заңсыз бергені үшін, бос жер учаскелері және жоспарланған аукциондар туралы мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз етпегені үшін; және жер заңнамасын басқа да бұзушылықтар үшін әкімдіктердің лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 30 маусымдағы заң ережелерін іске асыру үшін әзірленді.  

Заң жобасында жер заңнамасының жекелеген ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдарға әкімшілік істерді қарау және тиісті жазалар қолдану жөніндегі өкілеттіктер беру көзделеді. 

Палата заң жобасын 2022 жылғы 28 желтоқсанда бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс депутаттары құжатты дауысқа салып, тиісті қаулыны қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы