Жер реформасы бұл өте сезімтал, ұлттық мәселе – Расул Жұмалы

24 Наурыз 2021, 15:40
2943
Бөлісу:
Жер реформасы бұл өте сезімтал, ұлттық мәселе – Расул Жұмалы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Саясаткер, Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Расул Жұмалы Жер реформасы бойынша құрылған комиссияның жұмысына қатысты ойымен бөлісті. 

Оның айтуынша, жер реформасы бұл өте сезімтал, ұлттық мәселе. Экономикалық және үлкен саяси маңызы бар болғандықтан оны қырағылықпен қарау керек. 

Жалпы Жер комиссиясының бар болғаны және оның құрылғаны дұрыс. Бұған дейін 2016 жылы да осындай комиссия құрылған, алайда бұл жолы оң тұстары көп. Жабық есік жағдайында қабылданған кез келген шешім солақай болатыны анық. Енді қоғамдық деңгейде талқыланып отырғаны және биліктің де соған дайындық көрсетіп отырғаны дұрыс. Әрине 2016 жылдары да көптеген мәселе көтерілді. Жер комиссиясы толыққанды жұмыс істей алмады, басқа жаққа бұрып кетті деген дүниелер айтылды. Оның да негізі бар шығар, дегенмен жоқтан бар жақсы. Сондықтан Жер комиссиясының болғаны әрі жұмыс істегені жөн, - дейді ол. 

Саясаткер Жер комиссияның құрамына бірінші рет кіріп отырғанын айтады. 

Онда әр саланың өкілдері бар, ой неғұрлым көп болса, соғұрлым дұрыс, яғни жан-жақты талқыланады. Ертең комиссияның алғашқы отырысы өтеді, әрине әркімнің өз бұйымтайы бар, ойы бар соны тыңдаймыз. Бұған дейін негізгі дау-дамай жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға берілмесін деген мәселе төңірегінде болды. Оған қатысты Президент принципалды түрде сатылмайтынын айтты, - дейді Жұмалы.

Сонымен қатар ол жерге қатысты шешімін таппаған әлі бірнеше мәселе бар екенін айтты.

Жерге шын мәнісінде кімдер иелік етіп отыр деген мәселе тұр. Ауылдағы ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларға жер қаншалықты деңгейде беріліп отыр? Бұл тұрғыда мәселе өте көп. Мысалға, Алматы, Алматы облысының айналасындағы жерлер біреудің жекеменшігіне өтіп кеткен. Әрбір ауылға барсаң, тұрғындар өздері отырған жерді біреуден жалға, субарендаға алады. Бұл да үлкен мәселе, бұл жер кімнің меншігінде, кімге өтіп кетті? Заңды өтті ме, жоқ па? Жалпы ауылдағы азаматтарға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Комиссия қарайтын ең өзекті тақырыптың бірі осы, - дейді ол. 

Сонымен қатар ол Қазақстан жер көлемі бойынша үлкен елдердің бірі екенін, бірақ сол жер бар болғаны 18 млн халыққа жетпей отырғанын айтады.

Біреулер мыңдаған гектарға иелік етеді, енді біреулеріне он сотық жер жетпей қап жатыр. Сондықтан осы мәселеде айқындық пен ашықтықтық орнату керек. Оның үстіне жеріміз үлкен бола тұра, елімізді ауыл шаруашылығы өнімімен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Жекеменшікке өтіп кеткен жерлердің көбі игерілмей жатыр. Осындай көптеген мәселе Жер комиссиясының отырысында талқыланады, - дейді саясаткер.

Өзгелердің жаңалығы