Сенат отырысында сенатор Нұрлан Бекназаров Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаралып отырған Салық кодексінде жер қойнауын пайдалануға балама салық енгізіледі. Ол дамыған мұнай-кен орындары үшін қолданыстағы бірнеше салықтар мен төлемдерді алмастырады. Нақты қандай жер қойнауын пайдаланушылар үшін балама салық қолданылады және ол іс жүзіне қалай іске асырылатын болады?, – деді сенатор Нұрлан Бекназаров.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Теңіз, Қашаған, Қарашығанақты алмаса, қазіргі уақытта бүкіл шикізат өңдеуі көлемінің тұрақты түрде төмендеуі байқалып жатыр.
Бұл бірінші инвестициялық циклдің бітуіне байланысты. Сол себепті жаңа механизмдер керек. Мысалы, Қызылордада соңғы 10-15 жылда мұнай өңдеу көлемі 5 есеге азайды. Маңғыстау облысында осындай жағдай күтіледі. Тек геологиялық қиындықтарға байланысты емес, сулану мен қордың сарқылуына байланысты. Олар тоқтап қалса, ертең өңірлердің әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Сол себепті осындай механизм сарқылып бара жатқан кен орындарын қолдау үшін ұсынылды. Бұл жаңа институт, – деді Серік Жұманғарин.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұл мәселеде баламалы жаңа салық режимі енгізіліп отырғанын жеткізді.
Бұл салықтан босату емес. Мұны ірі кәсіпорындар қолданады. Қазір 365-сы республикалық мониторингте отыр. Оларға міндетті түрде салық қосымша нұсқамаларын тапсыру көзделген. Біз олардың барлық табыстары мен шығыстарын, құжаттарын тексере аламыз. Егер де міндеттемелер орындалмаса, міндетті түрде салық тексерістерін жүргізіп, олардан қосымша салық, айыппұл өндіріп ала аламыз. Сондықтан олар біздің бақылауымызда болады, – деді вице-министр.