Жер мәселесіне қатысты қоғамдық бақылау күшейеді

12 Желтоқсан 2022, 15:48
1635
Бөлісу:
Жер мәселесіне қатысты қоғамдық бақылау күшейеді

Бұл туралы Бас прокуратураның жер саласындағы заңдылықты сақтау мәселелері жөніндегі алқа отырысында мәлім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Бас прокуратураға пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтаруды тапсырған болатын. 

Бүгінде елімізде пайдаланылмай жатқан 5 млн га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 3 млн га-дан астамы – AMANAT партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» қоғамдық комиссиясының араласуымен қайтарылып отыр.

Алқа отырысында партияның Атқарушы хатшысы жер саласындағы заңдылықты жетілдіру жөнінде бірқатар бастама көтерді.

Біз жер мәселесінде жаңа олигополияға жол бермеуіміз қажет. AMANAT партиясы бұл істің атқарылуына қоғамдық бақылауды күшейтеді. Мемлекет меншігіне қайтарылған жердің халыққа әділ бөлінуіне қатаң бақылау жүргізу керек. Ең алдымен ауылдың айналасындағы жерлерді халыққа қайтарып беру қажет. Ауыл төңірегі әубастан мал жайылатын жер саналады. Сондықтан ауыл азаматтары бұл жерді ортақ пайдалануы тиіс, – деді Асхат Оралов.

Сондай-ақ, Атқарушы хатшы ауыл айналасындағы 5-10 шақырым радиустағы жерді сол ауылда тұрмайтын азаматтардың меншігіне беруге заң жүзінде тыйым салу қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар, ол «Жер аманаты» комиссиясы мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесін көрсететін интерактивті карта әзірлеп жатқанын жеткізді.

Алқа отырысында Бас прокурор Берік Асылов биыл қоғамдық жайылымдардың тапшылығы 29 млн га-дан 8 млн га-ға дейін қысқартылғанын атап өтті. Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарында 11 мың үлескерге 500 мың га-дан астам жер қайтарылды. Тексерістер олигополиялардың қолдануындағы ең жақсы және құнарлы ауылшаруашылық жерлерін, жайылымдар мен коммерциялық учаскелерді анықтады.

Сондай-ақ Бас прокурор уәкілетті органдардың жайылым жерлерін оң басқарудың, ірі жер телімдердің бір қолға шоғырлануына жол бермеу және үлестік жерлерге бақылауды күшейтудің маңыздылығына назар аударды.

Өзгелердің жаңалығы