Жер мәселесі: Журналист қандастарға азаматтық беру жолдарын жеңілдетуді ұсынды

25 Наурыз 2021, 14:26
2522
Бөлісу:
Жер мәселесі: Журналист қандастарға азаматтық беру жолдарын жеңілдетуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат шетелден көшіп келетін азаматтарға азаматтық беру жолдарын жеңілдету, тездету керек деген пікір білдірді.

Баяндама жасаған министр мырза бір мәселеге түсініктеме бере кетуі керек еді. Ол - қандастарға да жердің жалға берілмеуі және сатылмауы туралы. Бұл ашына айтатындай әңгіме емес. Министр өз сөзінде түсініктеме бере салғаны дұрыс еді. Неге десек? Қандас дегеніміз – уақытша мәртебе. Бір жылдың ішінде шетелден келген этникалық қазақтарға, өзіміздің бауырларымызға азаматтық береміз, - деп айтты ол.

Журналистің сөзінше, бір жылдан соң азаматтық алған қандастар Қазақстан азаматы болғаннан кейін азаматқа тиесілі барлық мүмкіндікке ие болады. 

Мұны мен әдейі қадап айтқым келеді. Неге десеңіз, осы Жер комиссиясының отырысынан кейін «қандастарға жер берілмейді екен, қандастарды кеудесінен итеріп отыр» деген сөз шығып, әлеуметтік желілерде түрлі көзқарастар, пікірлер болуы мүмкін. Сондықтан мәселенің басын ашып алған дұрыс шығар деп ойлаймын, - деп түсіндірді Дәурен Қуат.

Ол этникалық қазақтарға, шетелден көшіп келетін азаматтарымызға азаматтық беру жолдарын жеңілдету, тездету керек деп есептейді.

Оларға көп кедергі болмаса, жерге де, жерді иеленуге де мүмкіндіктерін пайдалана алар еді, - дейді «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Жер комиссиясының отырысында Мұхтар Тайжан азаматтық беру мәселесін қатайтуды ұсынған болатын.

Өзгелердің жаңалығы