Мұхтар Тайжан: ҚР азаматтығын беру мәселесін қатаңдату керек

25 Наурыз 2021, 11:39
3468
Бөлісу:
Мұхтар Тайжан: ҚР азаматтығын беру мәселесін қатаңдату керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өтіп жатқан Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысы барысында қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан айтты.

ҚР азаматтығын беру мәселесін қатаңдату керек. Өйткені, халықаралық тәжірибе бойынша азаматтық алу үшін кейбір елдерде мемлекеттік тілден, сол мемлекеттің тарихынан емтихан тапсыруы қажет. Азамат елде ең кемі 5 жыл тұрып, сол елге деген адалдығын дәлелдеуі керек. Меніңше, осындай өзгеріс қажет, - деді ол.

Ол 2016 жылы ел көшеге шығып, жердің ешкімге сатылмауын талап еткен жайтты еске алып, жердің тіпті қазақстандық азаматтарға да сатылмауын қадағалау қажет екенін айтты.

Мен ауыл шаруашылығы жерлерін айтып отырмын. Бұл - Қазақстан Республикасының 80% жері. Тағы айтарым, жер кадастры ашық болуы керек. Жер кімнің қолында, кім игеріп жатыр деген ақпарат халыққа ашық болуы керек. Тағы бір ең үлкен проблема – жайылым жер жағдайы. Қазір мемлекет мұны ретке келтіруі керек деп есептеймін. Ауыл маңындағы жерге қатысты келісімшарттарды бұзу керек және әр ауылдың маңайындағы жер сол ауылға тиесілі болуы қажет, - деді ол.

Спикер баяндамасы барысында бірыңғай аграрлық салаға бірқатар ұсыныс жасады.

Бүгінгі таңда адам жерді бос ұстайтын болса, оған салынар жер салығы өте төмен. Ал егер жұмыс істейтін болса, қосымша 7-8 салық қосылады. Яғни, бүгінгі таңда экономикалық жағынан жұмыс істеу тиімсіз. Сондықтан, біз бірыңғай аграрлық салық жүйесін енгізуіміз керек. Келесі мәселе – субаренда. Субарендаға жол ашпауымыз керек. Оған жол берер болсақ, жергілікті халық  бұл жерге ешқашан қол жеткізе алмайды.Тағы бір өзекті мәселе – бүгінде Жер комитетінің күші әлсіз. Өйткені, жергілікті жер инспекторлары әкімдерге қарайды. Ал әкімдер бір қолымен жер бөліп берсе, екінші қолымен бақылап отыр. Олай болмауы керек. Жер инспекторлары Жер агенттігіне қарауы керек. Ал Жер агенттігін АШМ-ға шығарып, тікелей Президент бақылауына беру керек. Сонда ғана жер мәселесінде тәртіп орнайды деп үміттенеміз, - деді ол.

Айта кетейік, комиссия құрамында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, фермерлер, салалық бірлестіктер мен Фермерлер одағының, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, журналистер мен блогерлер бар.

Өзгелердің жаңалығы