Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдағанын айтты. Осыған қатысты қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжан пікір білдірді.
Бұл мен үшін аяқасты жаңалық болған жоқ. Өйткені соңғы жарты жылда қызу келіссөздер жүргізілді. Әлеуметтік зерттеу де болды. Халықтың бұл тақырыпқа шынайы пікірінің қандай екені анықталды. Халықтың басым көпшілігінің жерді шетелдіктерге жалға беруге не сатуға қарсы екені дәлелденді. Сондықтан Президенттің кешегі шешімін құптаймын, - деп айтты ол.Мұхтар Тайжан бұл бұрыннан күткен шешім екенін, алайда жер мәселесі әлі аяғына дейін шешілмегеніне тоқталды.
Комиссия құрамы жерді Қазақстан азаматтарына жекеменшікке беру керек пе, жоқ па, осыны шешуі керек, - деп пікір білдірді қоғам қайраткері.
Тайжанның пікірінше, тіпті Қазақстанның азаматтарына да жерді жекеменшікке беруге болмайды.
Бұл жерде ауыл шаруашылығына арналған жерді айтып отырмыз. Яғни ауқымды көлемдегі мыңдаған, миллиондаған гектарлар. Демек он сотық немесе шағын учаскелер туралы сөз қозғап тұрған жоқпыз. Үлкен көлемдегі жерлер – олар ауыл шаруашылығына арналған жер.
Сондай -ақ ол пай мәселесіне де тоқталды.
Бәрімізге мәлім, кейбір ауылдықтар пайдан айырылып қалып, қазір ешқандай дивиденд алып отырған жоқ. Десек те, дивиденд алып отырған ауылдар да бар. Бірақ мүлдем пайсыз және жерсіз қалған ауылдар да жоқ емес. Мұндай ауылдар көп. Біз бұл мәселені шешуіміз керек, - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар Мұхтар Тайжан космомониторинг мәселесі жайында сөз қозғады.
Космомониторинг биылдан бастап елімізде қосылуы керек еді. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылым жөніндегі космомониторингті тоқтатып тастады. Енді қазір Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасының мәліметтерін толық бермей отыр. Оны да шешу керек. Жалпы комиссияның атқаратын жұмысы әлі бар. Негізі бізге жаңа Жер кодексі керек. Себебі қолданыстағы кодекс 2003 жылы қабылданған. Тек қана қағаздық технология бойынша жазылған. Ол кезде ешқандай цифрлық, космотехнологиялар болған жоқ. Сол себепті бұл кодекс ескірген. Бізге заманауи, жаңа кодекс қажет, - деп пікір айтты Тайжан.
Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы твиттерде «Бүгін мен өзімнің Президент ретінде заң шығаруға бастамашылық ету құқығымды пайдаланып, жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдадым. Парламент оны белгіленген регламентке сәйкес қарастырып, тиісті шешім қабылдайды» деген болатын.