Жеңіс-75: Қарағандылық ардаргерлер хоры жеңіс жырын жырлайды

15 Сәуір 2020, 17:44
2980
Бөлісу:
Жеңіс-75: Қарағандылық ардаргерлер хоры жеңіс жырын жырлайды
PHOTO

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Көңіл жас болса, самайдағы ақ шаш та кедергі емес. Қарағандылық "Магистраль" ардагерлер хоры қатысушыларының ұстанымы осындай. 35 жыл бойы тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып, көрермендерінің көзайымына айналған ардегерлер хоры Ұлы Жеңісті жырлаудан жалығар емес.

Қарағандының Сұрыптау станциясындағы "Теміржолшылар" Мәдениет үйінің жанынан осыдан аттай 35 жыл бұрын құрылған ардагерлер клубы "Магистраль" деген атауды иеленген. 1985 жылы 23 ақпанда өнер әлеміне қадам басқан ардагерлер хорының алғашқы қатысушылары қатарында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері болған. Олар соғыс жылдарындағы қиындықтарды, одан кейінгі бейбіт замандағы жақсы күндерді жырлайтын әндерді шырқады.

20181201_133343.jpg

"Теміржолшылар" Мәдениет үйінің директорының айтуынша, хордың негізін қалауға, оның өміршең болуына бірнеше адам тер төккен.

"Магистраль" ардагерлер хорын құру идеясы негізгі мамандығы мұғалім болған Любовь Исаеваға тиесілі еді. Жалпы сол жылдары хордың қатысушылары арасында мұғалімдер, медицина қызметкерлерімен қатар теміржолшылар да болды. Хордың құрылуы мен жұмыс жасауына көркемдік жетекшісі Генадий Резвихтың, дирижер Любовь Коробконың да сіңірген еңбектері орасан. Әр жылдары шығаршамылық ұжымды Н.Елесеева, Ф.Гатаулина, С.Рыль басқарды. Хордың талантты концертмейстері Т.Егорованы ерекше атап өткім келеді, - дейді мәдениет үйінің басшысы Серік Мұқанов.

Бүгінде құрамында 58 бен 82 жас аралығындағы 25 ардагері бар шығармашылық ұжым хор өнерін дәріптеп, халық арасындағы талантты адамдардың жарыққа шығуына мұрындық болып келеді.

Мұнда қиын кезеңдерді бастарынан өткерген, соған қарамастан белсенділігін сақтап қалған, өмірге деген қызығушылықтары ерекше, жауапкершіліктері жоғары жандар жиналған. Хор құрылған жылдары ұжымға алғаш келгендер әрине қазір жоқ. Бірақ олардың орнын басушылар да әнге ғашық жандар. "Магистраль" ұжымының тағы бір ерекшелігі – олардың ұйымшылдығында деуге де болады. Хор құрамындағы ардагерлердің бір-біріне деген сыйластығы, құрметі, ұйымшылдығы тіпті дайындық кезінде де байқалып тұрады, - дейді Серік Бейсенбайұлы.
IMG-20190302-WA0042.jpg

"Магистраль" ардегерлер хоры бүгінде өз тыңдармандарын қалыптастырған, өңірімізге танымал үлкен шығармашылық ұжымға айналған. Хорға 2017 жылдан бері Иост Анита Александровна жетекшілік етеді. Жетекшінің білімділігі мен өз ісіне беріле дайындаған репертуары алдымен ұжымның талқысына салынады, осылайша жаңа бағдарламалар жасалады. Анита Иосттың айтуынша, хордың репертуарындағы соғыс жылдарына, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған әндер ерекше орын алады.

Ұжымның жемісті жұмысының нәтижесінде "Магистраль" хорына 1987 жылы "Халықтық" жоғары атағы берілген болатын. Хор әрбір үш жыл сайын өзінің "халықтық" атағын қорғап шығады. Біздің ұжым жастарды патриоттық рухқа тәрбелеуге, өскелең ұрпақтың туған жердің дәстүрін дәріптеп, еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштеріне деген құрметін арттыруда үлкен жұмыстар атқарып келеді. Хордың репертуарында патриоттық әндермен қатар, қазақ авторларының әндері, Қазақстанда мекендейтін халықтардың әндері және де заманауи әндер де бар. Хор құрылған 35 жыл ішінде репертуарымызда екі жүзден артық ән қосылып, тыңдармандарымызға жетті. Біздің ардагерлер ұжымы көптеген дипломдар мен грамоталарға, алғыс хаттармен марапатталған. Әрине, бәрінен де тыңдармандарымыздың жылы лебіздері мен жан жібітер сөздеріне ештеңе жетпейді, - дейді Анита Иост.

"Магистарльдың" жетекшісінің айтуынша, ардегерлер хорының концерттік бағдарламасы тығыз. Хор ұжымы жыл сайын "Теміржолшылар" мәдениет үйінде тыңдармандарына есептік концерт береді. Ардагер әншілер өңіріміздің басқа да мәдениет үйлерінде, ардегерлер үйінде, мектептер мен әскери бөлімдерде өз өнерлерін көрсетіп, облыстық "Ардагерлер шырқайды", "Жеңіс салюті" фестивалдеріне қатысады. Сонымен қатар, жыл сайын гастролдік сапарға аттанып, Қарағанды облысының халқына ғана емес, еліміздің басқа да өңірлеріндегі өнер сүйер қауымға асыға аттанады. Хор тіпті Ресей елінің Калинин, Новосибирск, Кемерова қалаларында да гастрольдік сапармен болып, ресейліктерге өз өнерін паш еткен. Шығаршашылық ұжым 2019 жылы облыстық ата-әжелер сайысына қатысып, бас жүлдені иеленген.

Хордың құрылуы мен жұмыс жасауына Қазақстан теміржолшылар кәсіподағы Қарағанды филиалының басшысы Дулат Серіков үлкен көмек көрсеткен. Бүгінде хор ұжымы Дулат Төлеуұлының белсенді өмірлік ұстанымы бар үлкендерге сый-құрмет көрсеткен ісін үнемі еске алып, алғыстарын жеткізеді. Дулат Төлеуұлының көмегімен хор ұжымы әр жылдары Алматы, Нұр-Cұлтан, Мәскеу, Кемерова, Новосибирск қалаларына гастролдік сапарда болған, - дейді хордың жетекшісі.
IMG-20191028-WA0021.jpg

Егер көңіл жас болса, самайдағы ақ шаш адамды тек жасартады. "Магистраль" ардегерлер хорының қатысушыларының ұстанымдары осындай. Жалындаған жастық кезеңнен өтсе де, өмірге деген құштарлықтары азаймаған, жастарға берер тәлімі мен тәрбиесі мол әжелер мен аталардан құралған ардагерлер ұжымы Ұлы Жеңістің жырын жырлауды әлі де жалғастыра беруге ниетті.

Биыл "Магистраль" ардегерлер хорының құрылғанына 35 жыл толды. Бұл мерейлі той Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен сәйкес келіп отыр. Біздің хорды осыдан 35 жыл бұрын құрған жандар Ұлы Отан соғысы жылдарында өмір сүріп, сол замандағы қиын кезеңдерді басынан өткерген еді. Бүгінде біздің шығармашылық ұжым сол зұлмат уақыттан кейін елдің аяққа қалай тұрғанын, халықтың еңсесін қалай тіктегенін жырлайды, әнге қосады. Біз әніміз арқылы өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға бейбіт өмірдің баға жетпес байлық екенін жеткізгіміз келеді, - дейді Анита Иост.
Өзгелердің жаңалығы