Таиландтағы Ча-Ам жағажайынан 100 метр қашықтықта жеңіл моторлы ұшақ теңізге құлап түсті. Алғашқы мәліметтерге сәйкес, кемінде бес адам қаза тауып, тағы бір адам ауыр жағдайда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі m.business-gazeta.ru-ға сілтеме жасап.
Бұл оқиға туралы тайлық Khaosod газеті хабарлады.
Ча-Ам жағажайы маңында шағын ұшақ апатқа ұшырады: бес адам қаза болды, біреуі ауыр жарақат алып, ұшақ ішінде қалып қойды, - делінген хабарламада.
Құтқару қызметтері апат болған жерге жеткенімен, ұшақ құлаған орын теңіздің алыс бөлігінде болғандықтан, оған жету қиындық туғызуда. Ұшақ бортында ресейліктердің болған-болмағаны әзірге белгісіз.
Ча-Ам – Сиам шығанағының батыс жағалауындағы Таиландтың Петчабури провинциясындағы шағын жағажайлы қала. Бұл курорт ресейлік туристер арасында өзінің таза жағажайларымен танымал. Жағалау бойында Radisson сынды танымал қонақ үйлерді қоса алғанда шамамен 80-ге жуық қонақ үй орналасқан. Ча-Ам Таиланд астанасы Бангкоктан 150 шақырым жерде орналасқан. Сондай-ақ, бұл қала тағы бір танымал курорттық қала – Хуахинге жақын орналасқан.
Қазіргі уақытта Таиландта туристік маусым жүріп жатыр. Жалпы, соңғы уақытта бұл ел ресейліктер, соның ішінде Татарстаннан келген туристер арасында ерекше сұранысқа ие. Татарстан туристік агенттіктері қауымдастығының президенті Рамиль Мифтахов "БИЗНЕС Online" басылымына берген сұхбатында, наурыз айының соңында Мьянмада тіркелген жер сілкінісіне қарамастан, Таиландқа турлардың жағдайы қалыпты екенін айтты. Айта кетейік, сол жер сілкінісінің күшті афтершогы Таиландқа дейін жетіп, Бангкокқа залал келтірген.
Сондай-ақ, шамамен бір ай бұрын Таиландта туристер отырған қайық жарылып, зардап шеккендер болған. Жарылыс кезінде кемеде негізінен ресейлік туристер болған. Кеме капитаны мен механик күйік шалып, жарақат алса, үш турист пен гид жеңіл жарақатпен құтылған. Барлығы кемеде 37 адам болған.