Жекешелендіру нысандарының 50%-ы биыл сатылымға шығарылады

2 Қыркүйек 2021, 09:53
1160
Бөлісу:
Жекешелендіру нысандарының 50%-ы биыл сатылымға шығарылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бүгінгі Үкімет отырысында айтты.

Министрдің айтуынаша, жекешелендіру жоспарын іске асыру бойынша министрлік жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының уақытылы орындалуына бақылауды күшейткен. Ол үшін нысандарды өткізу тәсілдері әзірленіпті. 

Нысандардың 50 пайызы осы жылы, 30%-ы 2022 жылы және 10%-ы 2023-2024 жылдары сатуға қойылады. Оған қоса әрбір нысан бойынша өткізудің «Жол картасы» әзірленді және мемлекеттік мүлік тізіміне енгізілді. Өз кезегінде жекешелендіру жорспарының іске асырылуына жауапкершілікті күшейту мақсатында әкімдіктердің ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың қызметін бағалау кезінде оның орындалуын ескеру ұсынылады. Жалпы ұсынылып отырған шаралар 2025 жылдың соңына қарай мемлекеттік экономикаға қатысу үлесін ЖІӨ-нің 14%-на дейін қысқартуға мүмкіндік береді, - деді министр. 

Сонымен қатар ол мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына қатысты министрлік тарапынан тиісті ұсыныстар дайындалып жатқанын айтты. Олардың негізгілері мемлекеттік борыштың өсуін шектеу және оны қауіпсіз деңгейде ұстап тұру үшін бюджет қаражатын кезең-кезеңімен төмендету. Борыш тұрақтылығының негізгі көрсеткіштерін белгілеу. Барынша экономикалық тиімділкке қол жеткізу үшін жобаларды егжей-тегжейлі іріктеу және тағы басқалары. 

Министр сондай-ақ квазимемлекеттік сектор компанияларының бірінші басшыларының жауапкершілігін нормативтік тұрғыдан қарастыру ұсынылғанын жеткізді.

Жауапкершілік даму жоспарларында стартегиялық көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін, оның ішінде квазимемлекеттік компаниялардың шығынға ұшырауына жол бергені үшін көзделетін болады, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Өзгелердің жаңалығы