Жаттықтырушы: Садақ ату дәстүрден спортқа айналған өнер

10 Қаңтар 2024, 11:39
1062
Бөлісу:
Жаттықтырушы: Садақ ату дәстүрден спортқа айналған өнер
Фото: жеке мұрағат

Қазақ тарихында құралайды көзге атқан мергендер болған. Кезінде жаудан қорғанып, аң аулау үшін қолданылған садақ ату қазір трендке айналған спорттың бірі. Қызығушылық танытып, садақ атумен тұрақты айналасатын жастар да жетерлік. Солардың бірі - қазір жаттықтырушы болып жүмыс істейтін Жанкелді Орал. Елімізде бұл спорт түрі қалай дамып жатқанын білу үшін BAQ.KZ тілшісі жаттықтырушымен сұхбаттасқан еді.

Садақ ату спортымен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

Бұл спортпен айналысып жүргеніме 2 жылға жуықтады. Қазір 1 жыл болды Астана қаласында «Садақ ату» клубында жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Қазіргі кезде шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Бұл спортқа келуге түрткі болған нәрсе ұлттық код деп айтар едім. Ұлттық өнерге де жанашырлық, әуесқойлық. Садақ ату клубына басында бір рет келіп атып көрдім. Содан кейін қызығушылық артып, тұрақты айналыса бастадым. Садақ ату спорт емес, өнер болған кезде келдік. Ұлттық спортқа айналғанына куә болдық.

Садақ ату спортына қай жастан бастап қатысқан дұрыс?

Садақ ату клубына 7 жастан бастап қабылдаймыз. Баланың қарым-қабілетіне байланысты одан да ерте жастан қабылдауға болады. Жалпы статистика бойынша 7 жастан жоғары болғаны дұрыс. Себебі сол жаста бала өзін ұстай білуі, садақты ұстай алуы қалыптасады. Алайда мен бапкерлік ететін клубта 4 жастағы бала да бар.

Бұл спорттың жарыстағы негізгі талаптарын айтсаңыз?

Садақ атуда міндетті түрде өзіңнің ағаш садағыңның болуы. Садақта көздейтін құрылғылар болмауы тиіс. Оқтар тек ағаштан жасалуы қажет. Тіпті оқтың кезі яғни кіріске киілетін жері ағаштан болуы шарт. Пластик сияқты материалдар қолданылмайды. Спортшы міндетті түрде бастан-аяқ ұлттық киімде болуы керек.

Елімізде биыл V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Дайындық жұмыстары қалай болып жатыр?

Көшпенділер ойынында садақ ату спортына сенім, үміт артылыпа жатыр. Себебі бұл спорт үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Дайындығымыз жақсы. Ұлттық құрама мүшелерінің басым көпшілігі Астана қаласында тұрады. Сондықтан аптасына жасайтын жаттығулар саны көбейді. Әр ай сайын өз елімізде немесе шетелде 15-16 күн оқу-жаттығу жиындары жоспарланған. Ақпан айында Малайзия еліне барады. Осы оқу-жаттығу жиындарында үздік нәтиже көрсеткен 10 спортшы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысады. Дайындық негізі өткен жылдың қараша-желтоқсан айында басталып кетті. Ел артқан үмітті ақтаймыз деп ойлаймын.

Негізгі бәсекелес қай мемлекет?

Түркия, Венгрия, Қырғызстан, Малайзия елдерінің садақшылары әлем бойынша үздік нәтиже көрсетіп отыр. Себебі ол жақта садақ ату спорты бұрыннан бар. Яғни өте кеңінен тараған. Көпжылдық тәжірибелері бар спортшылар. Негізігі бәсекелестер деп осы елдерді айтар едім. Бірақ еліміз де үздік нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларымыз бар. Мысалы IV Көшпенділер ойынында Қанат Қасымхан есімді спортшымыз 2-орын алған болатын.

Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Жаттықтырушы: Садақ ату дәстүрден спортқа айналған өнер
Өзгелердің жаңалығы