Ұлттық ұлан сарбаздары су тасқыны басталғалы 2700 тоннадан астам гуманитарлық жүкті түсірді

5 Мамыр 2024, 01:14
372
Бөлісу:
Ұлттық ұлан сарбаздары су тасқыны басталғалы 2700 тоннадан астам гуманитарлық жүкті түсірді
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Ұлттық ұлан сарбаздары су тасқыны басталғалы 2700 тоннадан астам гуманитарлық жүкті түсірді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында Алтай ауданындағы су тасқыны жағдайы тұрақтанды. Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында және Петропавл қаласындағы жағдай да осыған ұқсас. Сонымен қатар, Атырау облысында әлі күнге дейін жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Су тасқынына қарсы іс-шараларға ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері белсенді қатысып жатыр.

4 мамырдағы жағдай бойынша Атырау облысында 5546 (Атырау қ.) және 5451 (Қарағанды қ.) әскери бөлімдерінен 1000-ға жуық әскери қызметші және 30 техника тасқынға қарсы іс– шараларға жұмылдырылған. Ұландықтар полицейлермен және құтқарушылармен бірлесіп инертті материалдары бар қапшықтарды дайындау және жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.

150-ге жуық әскери қызметші Еркінқала, Рембаза шағын ауданында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуда. Оның ішінде 20 сарбаз келіп түскен гуманитарлық көмекті түсіруге және тиеуге тартылды.

Сонымен қатар, 400 қарағандылық әскери қызметші Ракуша және Бесікті кентінде, Балықшы, Көк Арна – Балық зауыты, Жаңаталап шағын аудандарында, Атырау-Индер-Бесікті тас жолында, Суарнасы-Орталық, ФОК-да қапшықтарды дайындауға және жағалауды нығайту жұмыстарына атсалысып жатыр. Құлсары қаласының аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауды 5451 әскери бөлімінің күзетшілері қамтамасыз етуде. Әскери қызметшілер осы ірі елді мекенде екі ауысымда патрульдік-бекеттік қызмет атқарады.

Бұдан бөлек, 5517 (Орал қ.) және 6655 (Ақтөбе қ.) әскери бөлімдерінің 250-ден астам әскери қызметшісі күндіз-түні өз өңірлеріндегі су басқан аумақтарда патрульдік-бекеттік қызмет атқарады. 6697 (Қостанай қ.), 6637 әскери бөлімдерінің және ҚР Ұлттық ұланы академиясының 200 – ге жуық құқықтық тәртіп сақшылары өз өңірлеріндегі Тобыл қаласы, Бескөл ауылы, Тепличный ауданы және Подгора шағын ауданында қоғамдық тәртіпті қадағалауды жалғастырып жүр.

Су басқан өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар басталғаннан бері салдардың алдын алу және жою үшін 3000-нан астам ұландық жұмылдырылды. Олар 120 автомобиль техникасы мен 6 әуе кемесін пайдаланды. Сондай-ақ 1781 адам эвакуацияланды, ұзындығы 150 км-ден астам жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді, 1 миллион 552 мың қап дайындалып, төселді, су тасқыны орындарына 160 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді және күзетшілер 2700 тонна көмекке жіберілген жүктерді түсірді.

Өзгелердің жаңалығы