Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Студенттік құрылыс жасағының басшысы Нұрболат Көлбаев Жастар жылында қандай өзгерістер бар екенін және атқарылып жатқан істері туралы айтып берді.
Оның айтуынша, 2019 жыл Қазақстан жастары үшін ерекше жыл, себебі Тұңғыш президентіміз өз Жолдауында биылғы жылды Жастар жылы деп жариялаған.
«Елбасы жастардың бүгіні мен eртеңіне қамқоpлық жасауды өз саясатының нeгізі деп санады. Өйткені жастар тәуелсіз қоғамның ажыpамас бөлігі. Жастар жылында барлық ЖОО-ның көшбасшысы болып табылатын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Студенттік құрылыс жасағы кезекті өз жұмысын бастаған болатын. 2019 жылғы маусымды 150 студентпен бастап, өз жұмысын қарқынды атқаруда»,- дей ді ол.
Студенттік құрылыс жасағы құрамына бірінші кезекте оқуда үздік, әлеуметтік жағдайы төмен және қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын студенттер таңдалып алыныпты.
«Бұл студенттерге университет тарапынан екі мезгіл тегін тамақ, жалақымен және де жатақханада тегін тұру мүмкіндіктері берілді. Тұңғыш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап «Жасыл ел» бағдарламасы жұмыс жасап келеді. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны, табиғатты аялау, және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Осы мақсатта қазіргі таңда «Жасыл ел» Студенттік құрылыс жасағын үстемақымен және арнайы формамен қамтамасыз етіп отыр. Аталған бағдарлама елді көгалдандыру, экология мәселелерін шешуді мақсат етеді», - дейді Н. Көлбаев.
СҚЖ студенттердің сабақ уақыттарынан тыс демалыстарын тиімді өткізге жағдай жасайтын көрінеді. Себебі мұнда керемет те көңілді орта қалыптасқан. Жұмыстан тыс уақытта студент жасақтары арасында бірнеше мәдени, рухани іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады екен.
«Мұндай шаралар студенттерді рухани тәрбиелейтіні сөзсіз. Айтар болсақ Университетіміздің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтың «Тәні саудың – жаны сау» жобасы аясында Студенттік құрылыс жасағы студенттері арасында футболдан, волейболдан жарыстар өткізілді. Әрине бұл жобалар студенттердің салауатты өмір салтын сақтауға құлшынысын арттырып, олардың тәрбиесіне оң әсерін тигізері анық», - дейді ол.
СҚЖ студенттері қөңіл көтерумен ғана емес қамқорлық көрсетуге де ат салысады екен.
«Қазіргі таңда СҚЖ студенттері арасында «Сауап қып әр күн, әр айды, Мейірім бізден тарайды» ұранымен «Мейірім» еріктілер тобы құрылған. Демалыс күндері балалар үйіне, қарттар үйіне барып, қолдарынан келгенше өз көмектерін көрсетуде. СҚЖ жастарының жанашырлығының тағы бір көрінісі Арыс қаласында болған апатқа байланысты, көмек көрсету мақсатында студенттеріміз бір күндік жалақыларын аударды. Әрине СҚЖ студенттерінің арасында осындай мейірімге толы, жалындаған жастардың барлығы көз қуантады. Және де ең басты айтып өтетін нәрсе Ұлы ақын-Абай Құнанбаевқа 175 жыл толуына орай және еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен басталған, сонымен қатар, университетіміздің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов жолдауларын қабылдай отырып, Абай өлеңдерін оқу эстафетасын барлық ЖОО-на жолдаған болатынбыз. Сондай-ақ осы 2 жарым айдың ішінде бірнеше рет көңілді би кештері, концерттік бағдарламалар өткізілді. Бұл іс-шаралар студентердің бір-біріне деген достық қарым-қатынастарын күшейтіп, бірге тату-тәтті еңбек етуге септігін тигізуде», - дейді Нұрболат Көлбаев.
Сөз арасында ол СҚЖ студенттері – еліміздің болашағы, нағыз ұлтжанды, жалындаған жастар екенін айтып өтті.
«Алдымызда биылғы жаз айындағы еңбек маусымының соңғы күндері қалды. Ендігі кезекте үздік жұмыс атқарған студенттерді қызықты Ыстықкөл сапарына демалысқа жіберу. Әрине осындай мүмкіндік берген университет басшылығына үлкен алғысымызды айтамыз», - деді ол.