Жастарды Ассамблея жанына шоғырландыруымыз керек - Икрам Хашимжанов

25 Сәуір 2024, 11:05
224
Бөлісу:
Жастарды Ассамблея жанына шоғырландыруымыз керек - Икрам Хашимжанов
Фото: assembly.kz

Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі төтенше жағдайды ескеріп, биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIIІ сессиясын онлайн-форматта өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Осы тұрғыда ҚХА мүшесі, ҚР өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов мырзамен әңгіме өрбіттік.

- Икрам мырза, қайырлы күн. Осыған дейінгі ХҚА сессиясында көтерілген мәселелер шешімін тапты ма?

Қазақстан Халқы Ассамблесының XXXII сессиясындағы алға қойған мақсаттар жыл көлемінде жүзеге асыратын біздің дәстүрлі бағдарламамыз болды. Әрине, елдегі тыныштық, бірлік мәселелері күн тәртібіндегі мәселе болып қала береді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Атырауда өткен үшінші құрылтайдағы өз баяндамасында зиялылар, ғалымдар, әлеуметтік шенділерді бір-біріне сын айтудың орнына, керісінше бірге тіл табысып, қызмет етуі жөн болатынын атап өткен болатын. Бұл сөз жастарға, орта буынға, кіші буынға өрнек болуы керек. Зиялылар бірлігі – ел бірлігі. Ал ел бірлігі ең асыл қасиет. Сондықтан зиялылардың бірлігі біздің ең үлкен мақсатымыз болды.

- Биыл Ассамблеяның XXXIIІ отырысы ерекше болмақ...

- Апат айтып келмейді. Су тасқынына байланысты ағымдағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXXIIІ сессиясы ерекше өтейін деп отыр. Ерекшелігі сол, республикалық мәдени орталық төрағалары және ерікті жастар, су тасқынында өздерінің көмектерін аямай қол ұшын созған кей кәсіпкерлер мемлекет басшысының алдында болса, қалған басқа өңірдегі мүшелері сессияға онлайн қатысқалы отыр. Менің ойымша, бауырларымыздың үй-жайың, малың су алып кеткен шақта, Ассамблея отырысын үлкен деңгейде өткізу әбестік болар еді. Сондықтан бұл дұрыс шешім болды.

- Ал қандай мәселелер өзекті болады деп ойлайсыз?

- Жалпы ХҚА-ның XXXIIІ сессия «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталады. Кешегі күні Батыс Қазақстандықтардың басына ауыр күн туған кезде барлық Қазақстандық өз бірліктерін көрсете білді. Ассамблея мүшелері де өз көмектерін аяп қалмады. Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығы да 102 млн-нан астам теңгеге төтенше жағдай жарияланған өңірлерге керек-жарақтарды жөнелтті. Мұның барлығы бірліктің арқасы. Біз тек бірлік болғанда ғана жасампаз бола аламыз. Ол үшін экономикалық өрлеуді дамыту керекпіз. Сонда ғана әрбір салада жасампаз бола аламыз. Сондай-ақ мемлекет басшысы әрбір отырыс барысында мемлекеттік тілді әрбір қазақстандық меңгеру керек деп айтып отырады. Жастарымыз бүгінде қазақ тілін үйреніп келеді. Әсіресе оңтүстік өңірдегі Шымкент, Түркістан қаласындағы өзбек тілімен аралас мектептерде білім алатын балалардың қазақ тіліне деген құштарлығы жоғары. Міне, біз мемлекеттің жастарға қолдау көрсетіп келе жатқанына шын қуанамыз.

- Сізше Ассамблея жұмысын одан әрі жетілдіру үшін қандай жүмыстар жүргізілу керек?

Менің ойымша, жастарға көп үміт артуымыз керек. Оларды белгілі бір мотивация арқылы Ассамблея жанына шоғырландыру керек. Біз сол жастардыға патриоттық рухты ояту керекпіз. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет, отансүйгіштік сезім мен қоса олардың адами капиталдарын яғни мәденитін, білімін, төзімділігін арттыруға жұмыс жасау керекпіз. Себебі төзімділігі мықты болған жанның ғана кез-келген салада жетістікке жетіп, қызмет биігінен көрінеді деп айта аламын.

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс білдіремін.

Өзгелердің жаңалығы