Жастар жылы. Елордадағы жастар мәселесіне арналған call-center жұмыс істемей тұр

23 Сәуір 2019, 11:04
1510
Бөлісу:
Жастар жылы. Елордадағы жастар мәселесіне арналған call-center жұмыс істемей тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда жастар мәселесін шешу үшін 20 19 нөмірімен ашылған call-center жұмыс істемей тұр, деп хабарлайды Qazaqstan ұлттық телеарнасының жаңалықтар қызметі.

Жастар жылы аясында бюджет қаржысына іске қосылған 20-19 Call орталығы жұмыс істемей қалған. Ал бұл жобаны Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі іске қосқан. Бірақ аталған Call орталыққа хабарласу мүмкін емес.

Сонымен қатар елорда жастарының басты сайты astanazhastary.kz сайты да бірнеше айдан бері ашылмай тұр екен.

Qazaqstan телеарнасы таратқан мәліметке сәйкес, Call орталықты іске қосу үшін мемлекеттік сатып алу тәртібі бойынша өткен жылдың қазан айында тендер жарияланған. Оның құны шамамен 8 миллион теңге болған. Бұл қаржыға тиісті техника мен байланыс орталықтарына қажетті компьютерлік бағдарлама мен тағы басқа құрал-жабдықтар сатып алынған. 

Айта кету керек, 20 19 тегін байланыс орталығы жастар жылы аясында іске қосылған. Ол – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жастар саясатын дамыту жол картасындағы 90 жобаның бірі. 

Жоба туралы жыл басында халықпен есептік кездесуінде қала әкімі Бахыт Сұлтанов баяндаған.

Әкімнің сөзінше аталған call орталық жастарға жан-жақты құқықтық ақыл-кеңес пен жастардың жұмысқа орналасуы, жеке кәсіп ашу, баспана алу және білім беру мәселелері бойынша сұрақтарға жауап береді.

Өзгелердің жаңалығы