Жастар жылы аясында жаңа жоба іске қосылады

21 Мамыр 2019, 21:57
2628
Бөлісу:
Жастар жылы аясында жаңа жоба іске қосылады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы «Елбасы. Жастар. Жасампаздық» атты жаңа жобаны іске қоспақ, деп хабарлады аталған мекеменің баспасөз қызметі.

Ұйымдастырушылардың мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың 23 мамырында сағат 10.00-де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Елбасы. Жастар. Жасампаздық» жобасының ашылу салтанаты өтеді. 

Жоба атауы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауымен тығыз байланысты.

«Жобаның тұсаукесерінде ҚР Мемлекеттік күзетінің Президенттік оркестрі арнайы дайындаған плац-концерттік бағдараламамен өнерін паш етеді. Ал ҚР Мемлекеттік күзеті қызметі Құрмет қарауылының ротасы жұртшылықтың назарына әскери дефилесін ұсынбақ. Жоба аясында «Жастар – ұлт тірегі» кешенді көрмесі ұйымдастырылып, Елбасы кітапханасындағы архив, музей және кітапхана жинақтарының материалдары таныстырылады», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, шара аясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов профессор-оқытушылар қауымымен, докторанттар мен магистранттармен, студенттермен кездесіп, дәріс оқиды. 

«Елбасы. Жастар. Жасампаздық» жобасы Елбасының жасампаз, шығармашыл идеялары мен бастамаларын дәріптеуге, экскурсияларды ұйымдастырудың әдістерін дамытуға, сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметін таныстыруға бағытталған.

Шараға келген қонақтар «Н.Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы және Елбасы», «Ұлы даланың қазынасы – «Алтын адам», «Спортивная слава Казахстана» көшпелі экскурсияларына қатыса алады.

Өзгелердің жаңалығы