«Жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналасудың шарты қандай?

21 Сәуір 2021, 13:01
3208
Бөлісу:
«Жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналасудың шарты қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Азамат Байтасов елорда әкімдігінде өткен онлайн брифинг барысында айтып берді.

Оның айтуынша, аталмыш бағдарлама еңбек өтілі жоқ, жоғары оқу орнынын аяқтаған 29 жасқа дейінгі жастарға арналған. «Жастар практикасына» қатысу үшін оқу орнын аяқтау мерзімі үш жылдан аспау керек.

Жұмыс ұзақтығы алты айдан аспайды. Жұмысқа орталыққа өтініш берген жұмыс берушілерге орналастырамыз. «Жастар практикасы» бойынша жалақы мөлшері 94 мың теңге, қолға алатыны 80 мың теңге. Елорданың 900 азаматын аталмыш бағдарлама бойынша жұмысқа орналастыру көзделген. Қазіргі күні 223 жас оның аясында жұмыс істеп жүр, - деді ол.

Сонымен қатар, орталық қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы жұмыспен қамтиды. Ол үшін кәсіптік білім алу, курс оқудың қажеті жоқ. Қоғамдық жұмысқа тарту 12 мерзімге уақытша жұмыспен қамтуды көздейді. Қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтарға екі төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 85 мың теңге көлемінде жалақы төленеді.

Сондай-ақ орталық «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасы аясында еңбек өтілі жоқ жұмыссыздарды жұмысқа орналастырады. Оның аясында екі жыл өтініш берген мекемеде жұмыс істеп еңбек өтілін жинау мүмкіндігі қарастырылған. Мұндағы жалақы мөлшері 58 мың теңгені құрайды. Алайда жұмыс берушіге мемлекеттен төленетін осы жалақыдан бөлек өз тарапынан жалақы тағайындауға мүмкіндік берілген.


Өзгелердің жаңалығы