Жастар елдегі заңдардың қалай жұмыс істейтінін түсінбейді

23 Желтоқсан 2020, 18:43
1501
Бөлісу:
Жастар елдегі заңдардың қалай жұмыс істейтінін түсінбейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 22 желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен «Жас заңгерлер палатасы» қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

Осыған орай бүгін бірлестік төрағасы Сағидолла Баймұрат агенттіктің Facebook-тегі ресми парақшасында өткен тікелей эфирге келіп, бірқатар сауалға жауап берді. 

«Жас заңгерлер палатасы» 2019 жылы бір ғана қарапайым мақсатты көздеп құрылдық. Ол – жас заңгерлерді, оның ішінде заң факультетінің студенттерін және адвокат, заң консультанты болмаған жас заңгерлерді тартып, тегін заң көмегіне араластыру. Қазір кез келген заң факультетіне кіріп, студенттерден «келешекте қайда жұмыс істейтін боласың», деп сұрасаңыз, барлығының жауабы бір – полиция, ұлттық қауіпсіздік, сот және басқа да құқық қорғау органдары. Бұл, әрине, дұрыс ниет. Тек 100 пайыздың 90 пайызы осы бағытқа кетсе, бұл – кемшілік. Мұндағы басты мәселе – жастардың елдегі заң нарығының қалай жұмыс істейтінін түсінбеуінде жатыр. Біздің түпкі мақсат – елімізде білікті, халыққа тегін және сапалы қызмет көрсете алатын заңгерлер көп болса, қоғамдағы құқықтық сана ашылып, адамдардың белгілі бір проблемамен бетпе-бет келгенде соны заң жүзінде шешуге мүмкіндігі көп болар еді. Оның сыбайлас жемқорлықпен күресте де мол әсері болары сөзсіз, - деді ол. 

Бірлестік төрағасы 2020 жылы Қарағанды, Қызылорда, Ақмола және Жамбыл облыстарында тегін заң көмегін көрсету жұмыстары ұйымдастырылғанын жеткізді. 

Сол кезде бізге азаматтар түрлі мәселемен хабарласты. Алиментті қалай алуға болады, онлайн несиені қайтармауға бола ма, онлайн несиенің пайызы неліктен 200-300% болып кеткен деген сияқты сан түрлі жағдаймен хабарласқан адам көп болды. Әр қадам сайын, ең алдымен, өтініш жазу керек, сол өтінішті қабылдап, жауап бергені үшін сізден ақша сұрай бастайды. Бәрі емес, арасында кездеседі. Ол сот орындаушы болсын, полиция қызметкері болсын өздерінің міндеттерін атқарғысы жоқ. Ашық айту керек, біздің қоғамда осындай жүйе қалыптасқан. Біз алдымызға келген азаматтарға мәселесін заң жүзінде  шешудің жолын көрсетеміз, ол біздің айтқанымыздай істейді. Бірақ, «мүмкін мұның басқа жолы бар шығар, мүмкін ақша беру шығар, кімге беру керек» деген сауалды көп кездестірдік. Бұл - теріс тенденция. Одан арылудың жалғыз жолы – осы ойды ойлаған адамның қолына құрал беру. Ол құрал – тиісті мәселе бойынша өтініш жазып, соған заңды жауап талап ету, - деді Сағидолла Баймұрат.

Өзгелердің жаңалығы