Жасөспірімдер қылмысының алдын алу жұмыстары жалғаса береді

8 Маусым 2021, 10:06
5367
Бөлісу:
Жасөспірімдер қылмысының алдын алу жұмыстары жалғаса береді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жасөспірімдердің құқықбұзушылықтарының алдын алу, кәмәлетке толмағандардың құқықтарын қорғау – бүгінгі таңда ел дамуының аса маңызды бағыттарының бірі.

Мұны Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Калметов айтты. Алайда ол қылмыс деректеріне сараптама жасағанда, көп жағдайда ата-аналардың бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтіндіктері, өз ата-аналық парыздарын толығымен орындамайтындықтары аңғарылатынын мәлімдеді.

Қазір ата-аналардың баланың жеке басын тәрбиелеуге көп назар аударатын уақыты. Осы мәселеге коғам болып атсалысуымыз кажет. Біздің мамандарымыз жасөспірімдердің жазғы демалысы кезінде балалардың ата-аналарымен ұялы телефон арқылы хабарласып қана қоймай, үй-жайларына, әсіресе мектепшілік тізімде тұрған, сонымен қатар көп балалы, жайсыз отбасыларды да тексеру керек екендігін ұмытпайды. Бұны айтып отырған себебім, аталған шаруа құқықбұзушылыққа бейім, жағдайы төмен және жайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан оқушылардың қылмысқа не себептен баратындарын қосымша анықтауға көп әсері тиеді, - деді ол.

Бір қуантатыны, Жамбыл облысында жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар саны 25,5%-ға, яғни 49-дан 36-ға төмендепті. Соның ішінде орташа ауыр қылмыстар 30-дан 12-ге, ауыр қылмыстар 15-тен 12-ге азайса, аса ауыр емес қылмыстар 1-ден 3-ке өсіп отырған көрінеді. Қылмыс түрлеріне келсек, ауыр дене жарақатын келтіру оқиғалары өңірде мүлде орын алмаған, ал бұзақылық 7-ден 3-ке азайыпты. Нұржан Алдабергенұлы бөтеннің мүлкін ұрлау да 24-тен 8-ге түскенін жеткізді. Қаруды заңсыз сақтау және есірткіге байланысты қылмыстардан біреу тіркелсе, адам өлтірудің 3 дерегі орын алған. Тонау оқиғасы 4-тен 6-ға өссе, өзге қылмыстар 9-дан 12-ге өскен. Көлікті заңсыз айдап кетудің бір оқиғасы орын алды. Топтасқан қылмыстар саны 14-тен 13-ке түссе, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар 5-тен біреуге төмендеп отыр.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылған кәмелетке толмағандар саны 54-тен 31-ге азайған, оның ішінде, жалпы білім беру мекемелерінің окушылары 18-ден 6-ға, колледж білімгерлері 22-ден 13-ке, еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтіндер 14-тен 12-ге төмендеу динамикасы байқалады. Алайда, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Жамбыл, Талас аудандарының полиция бөлімшелері қылмыстың өсуіне жол берген. Тағы бір кемшілік, облыс аумағында ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша қылмыстар саны өскен. Нақты айтқанда, аталған деректер 2020 жылдың мамыр, маусым, қараша айларында Мойынқұм ауданында орын алып, ауыспалы түрде статистикаға кірген. Айталық, былтыр 2004 жылы туған Алексей Казаченко өз қарындасы, 2009 жылы туған Людмила Земцованы отбасы ішінде бұрыннан орын алған жанжалдың себебінен өлтірген. Келесі де Шолдала алқабы аумағы бойынша орын алған, 2005 жылы туған Ержігіт Бекзатов өзінің құрдасы Оралбек Кетебаевқа топтасқан төбелес барысында пышақпен дене жарақатын келтіріп, артынша қаза тапқан. Үшіншісі өткен жылы Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылында орын алған. 2004 жылы туған Евгений Гридасов қонақта бірге отырған 1989 жылы туған азамат Ғани Тамабаевқа жанжал барысында пышақ салған. Артынша ол да көз жұмған, - деді жауапты маман.

Оның сөзіне қарағанда, аталған деректер бойынша кызметтік тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 13 қызметкер полиция департаменті бастығының бұйрығымен жазаға тартылды.  

Бізді жазғы демалыс кезінде мазалайтыны, жасөспірімдердің қалталарына пышақ салып жүріп, өзгеге дене жарақатын салу, жасөспірімдерге қарсы мылтық қолдана отырып дене жарақатын келтіру деректері орын алады. Көшеде баларардың жүруіне тыйым сала алмаймыз, ол заңға қайшы. Сонымен қатар, жасөспірімдерді себепсіз тоқтатып, қалталарын тексеруімізге де болмайды, тек түнгі сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық орындарында, сағат 23.00-ден кейін ата-аналарының қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтап, хаттамалар толтырамыз, не болмаса құқық бұзғанда ғана шара қолдануымызға болады, - деп түсіндірді Н.Калметов.

Құзырлы орган өкілінің сөзінше, былтырдан бері 130 баланың ойын-сауық орталықтарында жүргені анықталған. 2 145 жасөспірім түнгі мезгілде ұсталыпты, өз міндеттерін орындамағаны үшін 55 ата-ана жауапкершілікке тартылған.

Көпшілікке белгілі, былтыр Жамбыл облысы аумағындағы Құмшағал елді мекенінде жасөспірімге қарсы оқ ату дерегі орын алған. Қызметтік тексеріс жүргізгенде, жасөспірімдердің түнгі мезгілде ата-ананың қарауынан тыс қалғаны айғақталған екен. Олар бос уақыттарында көше кезіп, кездейсоқ жағдайларда болмашы нәрсеге иық тіресіп, арты ерегіске айналып, қылмыс дерегі тіркелген.

Биылғы сәуір айында Тараз қаласының іргесіндегі Шөлдала алқабындағы оқиға да сол сияқты, алдымен Дорожник массивіндегі каналдың жанында белгісіз қарумен (бытыра оқтар) атып кеткені туралы хабар түсті. Тексеру барысында анықталғаны, №55 орта мектептің 11-сынып оқушылары 2003 жылы туған Н.Избасханов пен 9-сынып оқушысы, 2006 жылы туған С.Тұрдалы екеуі сөзге келіп қалып, ерегісе кеткен, артынша ағаларына айтқан. Содан соң түнгі сағат 23.30-да 20 жастағы азамат Р.Ағаділ өзінің жеке көлігімен Шөлдала ауылындағы «Шлюз» маңына барған, 120 метр жердегі топ балаларды көрген, сол сәтте азамат Н.Ділдәбек көліктен мылтығын шығарып, топқа қарай оқ атып, көліктеріне отырып кетіп қалған. Бұлардың арасында топтық төбелес немесе ерегіс болмаған, - деді спикер.
Ол мұндай жағдайда көбіне мектеп инспекторлары мен мұғалімдер кінәлі болып, тәртіптік жазаға тартылады. Ал ата-аналар жауапкершіліктен тыс қала береді. Сондықтан да жамбылдық құқық қорғау органдарының мамандары Қылмыстық Кодекстің 140-бабына өзгеріс енгізу үшін Ішкі істер министрлігіне ұсыныс жолдапты, бірақ әлі де бұл сұрақ өз шешімін тапқан жоқ.

Маманның сөзінен белгілі болғандай, жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 79-дан 73-ке төмендеген екен. Оның ішінде адам өлтіру дерегі мүлде болмаса, зорлау деректері 3-тен 1-ге, ауыр дене жарақатын келтіру 6-дан 0-ге азайған. Алаяқтық 3-тен 2-ге, бұзақылық 8-ден 5-ке, бөтен мүлікті ұрлау 23-тен 22-ге, өзге де қылмыстар 15-тен 13-ке төмендеген. Алайда, 16 жасқа толмаған жеткіншекпен жыныстық қатынасқа түсу 9-дан 13-ке, жас баланы азғыру 4-тен 5-ке, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 1-ден 3-ке өсіп отыр.

Жас баланы азғыру және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері деректерінің өсу себебі ең алдымен, халықтың жұмыссыз жүрген бөлігінің азғындауы, интернет желілерінің қол жетімділігі, ата-аналар жағынан өз балаларының, әсіресе үлкен сыныптар мен колледждерде оқитын қыздарының қауіпсіздігіне назар аудармауы, жеткіліксіз бақылауы болып отыр. Жыныстық қатынасқа түсудің 10 дерегі (16 жасқа толмаған тұлғамен) өзара келісім бойынша орын алған және көп жағдайда «жәбірленуші» және «жауапқа тартылатын» тұлғалар бірге, яғни азаматтық некеде тұрады, - деді Нұржан Алдабергенұлы.

Осындай фактілердің алдын алу, оған жол бермеу мақсатында оқу жылы барысында онлайн-режимінде кездесулер өтіпті. Жамбыл облыстық білім басқармасымен біріге отырып, әр мектеп ұжымдарын қатыстырып 4 мәрте кеңейтілген ата-аналар жиналысы ұйымдастырылған. Күні кеше, яғни мамыр айының соңғы күні білім басқармасымен бірге «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқанына байланысты брифинг өткен. Онда тек балалардың еңбегін пайдалану емес, түнгі 23.00-ден кейін көпшілік орындарда және көшелерде ана-анасының қарауынсыз жүру, ойын-сауық орындарында болмаулары, суға түсу, үйден кашып кету мәселелері де айтылған көрінеді.

Былтырдан бері Жамбыл облысы аумағында полиция департаменті қызметкерлері білім беру және денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, 1 593 рейд ұйымдастырыпты, оның 1 067-сі мектептерде және оларға іргелес аумақтарда жүргізілді. Сонымен қатар, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау мәселесінің алдын алу шараларын жалғастыруымыз керек. Жергілікті әкімдіктермен, денсаулық сақтау және білім беру органдарымен бірлесіп, жалпы білім беру және арнайы орта оқу орындарында жыл басынан бері суицидтің алдын алу бойынша 148 дәріс өткізілді. Айта кетерлігі, осы уақыт аралығында суицид деректері 7-ден 6-ға төмендеген. Мұндай келеңсіз жағдайға 4 қыз бала, 2 ұл бала барған, - деп нақтылады құзырлы органның маманы.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жасөспірімдер арасындағы суицидтердің көпшілігі жасөспірімдердің әлсіз психологиялық тұрақтылығынан, өмірлік қиын жағдайларды шешу жолдарын білмеуден, отбасындағы дұрыс емес қарым-қатынастан туындайды екен. Аймақтағы полиция бөлімшелеріне әртүрлі бұзушылықтар жасағаны үшін 3 311 жасөспірімдер жеткізілген, оның 31-і қылмыс жасағаны үшін әкелінсе, 161 жасөспірім мен 141 жайсыз отбасы есепке қойылыпты. Қазіргі уақытта есепте тұрған жасөспірімдер саны 258 болса, жайсыз отбасылар – 272.

Арнайы мектепке 14 кәмелетке толмаған жеткіншек орналастырылды, 32 ата-ана қамқоршы құқығынан айырылса, бейімдеу орталығына 321 жасөспірім жеткізілді. Айта кетуіміз қажет, есепте тұрған жасөспірімдердің қатысуымен бүгінгі таңда қылмыс деректері орын алған жоқ. Сонымен қатар, полиция орталығында профилактикалық есепте тұрған педофилдер, бұрын сотты болған азаматтар – 121, қатаң бақылауға қойылған, бостандыққа шыққан 46 тұлғаның жүріс-тұрысы іздестіру бөлімі арқылы қадағалануда, - деді Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары.

Ол осы жағдайларды айта отырып, келешек ұрпақ арасындағы тиімді жұмысты жалғастыру үшін алдағы оқу мерзімінде құқық қорғау органдары, білім басқармасы және тағы басқа мекемелермен бірлесе, келесі іс-шараларды ұйымдастыруды ұсынды: бірінші - мектеп, колледждердің ішінде есепте тұрған жасөспірімдермен жүргізілетін жеке профилактикаға аса назар аудару керек. Оқушылардың жазғы демалысқа шығуларына байланысты құқықбұзушылыққа бейім оқушыларды, толық емес отбасыларында, өгей әкесімен (өгей шешесімен), қамқоршы немесе қосалқы туыстармен тұратын жасөспірімдерді қатаң бақылауға алған жөн.

Екінші – полиция департаменті профилактикалық тізімінде тұрған жасөспірімдер мен жайсыз отбасылардың балаларын жазғы демалыста сауықтыру лагерлерімен, спорттық үйірмелермен, тағы басқа іс-шаралармен қамту аса маңызды. Сондай-ақ, қоғамдық белсенділер мен волонтерларды қоса отырып, рейттік іс-шараларды жүргізу, жайсыз отбасыларда тәрбиеленетін балалардың жағдайын үйлеріне барып тексеру, төтенше жағдай анықталса, дер кезінде шешім қабылдау және бұқаралық ақпарат құралдарына жариялау керек.

Біз де осы жағдайларды, сондай-ақ өткізілетін іс-шаралардың маңыздылығын ескере отырып, алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстарды белсенді жалғастыра береміз, - деп түйіндеді сөзін Нұржан Калметов.

Өзгелердің жаңалығы