Жасанды интеллектіні қолдануды неден бастаймыз?

19 Қыркүйек 2024, 18:41
660
Бөлісу:
Жасанды интеллектіні қолдануды неден бастаймыз?
Фото: pixabay.com/ru

BAQ.KZ тілшісі зерттеу және жасанды интеллект саласының сарапшысы Нұржан Мұхтарұлымен сұхбаттасты.

- Президент жолдауында "Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуы тиіс" деді. Осы орайда қарапайым халықтың жасанды интеллектіні қолдануы неліктен маңызды?

Енді бұл жерде жаппай халық емес, жасанды интеллектіні қолдануға болатын маман иелерінің арасында бұл маңызды деп ойлаймын. Өйткені бұл біздің заманымызда өмір сүріп жатқан интеллект, одан қашып құтыла алмаймыз. Онымен бірге өмір сүреміз. Сәйкесінше, кім оны жақсы игерсе, сол заманға ілесіп өмір сүреді.

Жасанды интеллектіні қолдану, біріншіден, тиімділікті көтереді. Мысалы, қарапайым кеңсе қызметкері бола ма, журналист бола ма, педагогтар болсын, көптеген ақыл-ой еңбегін қолданатын көптеген салада бұрыннан келе жатқан күнделікті, көп уақытты алатын кесте жасау, ұзақ мәтіндерді жазу сияқты жұмыстарды секундтардың ішінде жасап береді. Осы жағынан алғанда өте жақсы көмекші.

Жасанды интеллектіні қолдануды неден бастаймыз?
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Жасанды интеллектіні қолдануды неден бастауға болады?

Қарапайым мәтінге байланысты жасанды интеллектіні айтатын болсақ, ол – ChatGPT. Оны контент жасауға қолдануға болады. Бірақ контент жасауда, әрине, авторлық құқық, авторлық этика деген нәрселер сақталуы керек. Ал кеңседе жұмыс істейтін адамдар ЖИ-ды протоколдар толтыру немесе белгілі бір шаблонды хаттарды жіберуге қолдана алады. Мысалы, кадр бөлімінде жұмыс істейтін адамдар болса, жұмыстың талаптарын жаза алады. Осындай типтік жұмыстарға уақыт кетірудің қажеті жоқ, оны ChatGPT-мен жасай беруге болады. Мысалы педагогтар балалардан тест алайын деп жатса, белгілі бір мәтінді салады. Сол мәтіннен "10 тест сұрағын жаса" десеңіз секундтың ішінде жасап береді. Яғни бұрын сағаттап отырып жасаған нәрсеңізді секундтың ішінде жасап береді. Емтихан сұрақтарын жаса десеңіз, емтихан сұрақтарын жасап береді. Белгілі бір мәтінді беріп, осыдан "есеп құрастыр" десеңіз, есеп құрастырып береді. Оның барлығын тізіп отыруға көп уақыт кетеді.

- Жасанды интеллект қазақ тілінде қалай сөйлейді? Осы бағыттағы даму қарқыны қандай?

Осыдан бір жыл бұрынғымен салыстырсақ, жасанды интеллект қазақ тілінде керемет сөйлейді. Бір жыл бұрын тек орысша, ағылшынша пайдаланатынбыз. Қазір қазақша күшті сөйлейді. ChatGPT-ді айтамын, басқасын білмеймін. Жасанды интеллект деген кезде алғашқы болып осы нарыққа кіріп келген ChatGPT ғой.

Осы бағыттағы даму қарқыны өте жылдам. Жалғыз қазақ тілі емес, көптеген түркі тілдерінде жақсы дамып жатыр. Қазақстан жасанды интеллект бойынша алдынғы қатарлы елдердің біріне айналады деп ойлаймын. Сондай елге айналуымыз керек. Президенттің айтқанын толықтай қолдаймын.

- Жасанды интеллектінің дамуы қандай мамандықтардың жойылуына әкелуі мүмкін?

Енді ол көптеген мамандық. Қарапайым SMM маманын ауыстырып жіберуі мүмкін. Себебі өзі контент жасап, өзі салатын, өзі клиентпен сөйлесетін функциялар шығып жатыр. Журналистерді толығымен алмастыра қоймайтын шығар. Бірақ журналистер ғана жаза алған мақалаларды қазір жасанды интеллектке жаздырып алуға болады, мәліметтерін бере отырып жасайтын болсаңыз. Бухгалтер, кассир деген мамандықтарды ауыстырып жіберуі мүмкін. Яғни тек кассирлер, бухгалтерлер жасай алған нәрсені қазір ЖИ жасайды. Kaspi Pay деген қосымшаны білесіз ғой, фискалды чек шығарады, төлем қабылдайды. Яғни жеке кәсібіңіз болса, бухгалтер жалдаудың аса қажеті жоқ. Өйткені салықты да Kaspi Pay-дің ішінде төлей аласыз. Қазір жасанды интеллект ән шығарып, сурет салып, өлең жазып беріп жатыр. Әрине, онда адамның жаны жоқ. Сонда да кейбір функцияларын атқарып жатыр. Сондай-ақ жасанды интеллект сценарийлер жазып бере алады. Сценаристерге де қауіп бар. Дегенмен жасанды интеллект адамдардың ақыл-ой еңбегі жұмысын толық алмастырады деп айта алмаймыз. Өйткені адамның ерекшелігі – эмоциясының болуында. Адам шабыттанса, бұрын дүниеде болмаған нәрселер шығара алады. Ал ЖИ интернетте бар ақпаратты қолдана отырып, шаблоннан үйрену арқылы жасайды.

Өзгелердің жаңалығы