Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып жатқан кезеңде жоғары білімнің өзектілігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе қазір академиялық ортада кеңінен талқыланып жүр.
Жоғары білімнің пайдасына айтарым, мұнда тек білім алу ғана емес, басқа да маңызды қырлар бар. Соның ішінде әлеуметтену, командада жұмыс істей білу, коммуникация орнату, белгілі бір ортада өмір сүріп, әрекет ете білу дағдылары қалыптасады. Бұған қоса, жоғары білім адамның ойлау жүйесін қалыптастырады. Кез келген жоғары интеллектуалдық қызмет үшін белгілі бір аналитикалық қабілет, ойлау тәсілі мен ойлау құрылымы қажет. Мұндай ойлау жүйесін белгілі бір институттар арқылы ғана қалыптастыруға болады, – дейді Саясат Нұрбек.
Министрдің сөзінше, мәселенің түпкі мәні адамның ойлау тереңдігі мен ойлау құрылымына келіп тіреледі.
Бұл жөніндегі пікірталас жалғаса береді. Бірақ жоғары білім министрі ретінде айтарым: жоғары білім қажет. Онсыз қоғам мен экономиканың одан әрі дамуы мүмкін емес, – дейді Саясат Нұрбек.
Еске салайық, бұған дейін Саясат Нұрбек ЖОО-ларда оқу мерзімі қысқаратынын айтты.