Сот – шындықты толық анықтау жағында: Ұлдана Мырзуанның ісі прокурорға қайтарылды

1 Қазан 2026, 16:22
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 1 Қазан 2026, 16:22
1 Қазан 2026, 16:22
271
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында айыпталушы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істі басқа іспен біріктіру мәселесін шешу үшін прокурорға жолдады. Бұл туралы судья Меруерт Абаева сот отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2026 жылғы 1 қазанда өткен алдын ала тыңдауда сот марқұмның анасы Сәлима Ешенқұлова-Омарованың адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің өтінішхатын қарады. Қорғаушы Жұбаниязоваға қатысты істі құрылыс салушы мен өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық іспен біріктіруді сұраған болатын.

Сот қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деп айыпталған Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық іс оны басқа қылмыстық іспен біріктіру мәселесін шешу үшін прокурорға жолданды.

Сонымен қатар сот айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды. Атап айтқанда, оның елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы сақталды.

Судья Меруерт Абаева қаулыға ол жарияланған күннен бастап 15 тәулік ішінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты арқылы Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына шағым беруге болатынын түсіндірді. Сондай-ақ осы мерзімде прокурор да қаулыға наразылық білдіру туралы өтінішхат енгізе алады.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды.

Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.

Бүгінгі өтіп жатқан сот отырысында марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков сот отырысында сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхат жасады. Ол құрылыс салушы мен өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға берілген шағымның қаралу нәтижесін сотта зерделеуді сұрады.

Наверх