Жапаров Орталық Азияда су ресурстарын бөлудің жаңа механизмін ұсынды

Қырғызстан президенті әділ су-энергетикалық теңгерім қажеттігін айтты.

Бүгiн 2026, 15:28
АВТОР
 Ақорданың баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 15:28
Бүгiн 2026, 15:28
105
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Астанада өткен RES 2026 өңірлік экологиялық саммитінде су ресурстары мен энергетика саласындағы негізгі сын-қатерлерді атап өтіп, жаңа ынтымақтастық механизмін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сөз басында Жапаров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа саммитті ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, оның өзектілігін атап өтті.

Климаттың өзгеруіне байланысты сын-қатерлер елдеріміздің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатына барған сайын күшейіп ықпал етіп отырған жағдайда, бұл саммитті өткізу бастамасы аса өзекті әрі уақытылы деп санаймын, - деді ол.

Президент климаттық қауіптердің ауқымына тоқталды.

2020 жылдан бері сел, су тасқыны сияқты төтенше жағдайлар саны үш есеге артты. Жыл сайынғы тікелей материалдық шығын шамамен 16 миллион АҚШ долларына жетеді. Қырғызстандағы мұздықтардың ауданы 16%-ға қысқарды, ал ғасыр соңына қарай олардың 80%-ға дейін жойылу қаупі бар. Бұл тек біздің ел үшін емес, бүкіл өңір үшін апат болуы мүмкін, - деді Садыр Жапаров.

Оның айтуынша, Қырғызстанның су ресурстары бүкіл Орталық Азия үшін маңызды рөл атқарады.

Еліміз аумағында жыл сайын шамамен 50 миллиард текше метр су ресурсы қалыптасады. Оның тек 12 миллиарды ғана ішкі қажеттілікке пайдаланылады, қалғаны Өзбекстан, Қытай, Қазақстан және Тәжікстанға бағытталады, - деді ол.

Осыған байланысты Жапаров өңірлік ынтымақтастық тәсілдерін қайта қарауды ұсынды.

Су-энергетикалық салада өзара тиімді экономикалық өтемақы механизмін жаңғыртып, заманауи жағдайға бейімдеу қажет. Мүдделер теңгерімін қамтамасыз етіп, кешенді тәсіл негізінде өзара тиімді шешімдер қабылдау маңызды, - деді Президент.

Сонымен қатар ол инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті.

Су шаруашылығы нысандарын жаңғыртып, су үнемдейтін және ресурс үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу, сондай-ақ көрші елдермен және халықаралық серіктестермен бірлескен жұмысты күшейту қажет, - деді ол.

Жапаров энергетика жобаларына да тоқталды.

Біз жаңартылатын энергетика саласында жобаларды іске асырып жатырмыз. Сонымен қатар Қазақстан және Өзбекстанмен бірлесіп қуаты 1880 МВт болатын Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысын жоспарлап отырмыз. Бұл жоба бүкіл өңір үшін стратегиялық маңызға ие, - деді ол.

Сөз соңында Жапаров саммит нәтижелері өңірдегі экологиялық ынтымақтастықты нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.

Бұл саммит экологиялық ынтымақтастықты күшейтіп, өңірдегі нақты өзара іс-қимылды дамытуға маңызды қадам болады деп сенеміз, - деді Садыр Жапаров.

Айта кетейік, бұған дейін Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Астанада өткен RES 2026 өңірлік экологиялық саммитінде жайылымдық жерлердің тозуы және мал шаруашылығының тұрақты дамуы мәселесін көтеріп, мәлімдеме жасады. 

Тұрақты даму мәселесі бүгінгі таңда тек жекелеген елдер мен бизнес құрылымдарының ғана емес, бүкіл адамзаттың басты күн тәртібіне айналып отыр. Бұл туралы халықаралық көрме алаңында McKinsey & Company компаниясының Орталық Азия бойынша басқарушы серіктесі Дулатбек Икбаев мәлімдеді. Ол климаттық өзгеріске қатысты адамзат соңғы мүмкіндік алдында тұрғанын атап өтті.

Наверх