Моңғолия президенті Астанадағы саммитте мәлімдеме жасады

Климаттың өзгеруі мен жердің деградациясы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіруде.

 Ақорданың баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 15:08
Бүгiн 2026, 15:08
104
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Астанада өткен RES 2026 өңірлік экологиялық саммитінде жайылымдық жерлердің тозуы және мал шаруашылығының тұрақты дамуы мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы жайылымдардың әлемдік экономика мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.

Қазіргі таңда Жер шарының жартысынан астамын жайылымдық жерлер алып жатыр. Бұл салада 200 миллионнан астам адам еңбек етеді. Жайылым мен мал шаруашылығы әлемдік экономикада және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде маңызды рөл атқарады, - деді Ухнаагийн Хүрэлсүх.

Сонымен қатар ол экологиялық қауіптердің күшейіп отырғанына назар аударды.

Соңғы жылдары жайылымдық жерлер климаттың өзгеруі мен топырақтың тозуынан зардап шегіп отыр. Бұл мал шаруашылығына жаңа әрі күрделі мәселелер туындатып, шұғыл шешім қабылдауды талап етеді, - деді ол.

Президент Моңғолияның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы биылғы жылды Жайылымдық жерлер мен мал шаруашылығының халықаралық жылы деп жариялағанын еске салды.

Оның айтуынша, бұл бағытта өңір елдерінің күш-жігерін біріктіру аса маңызды.

Жайылымдар мен мал шаруашылығының маңызын арттыру үшін ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Географиялық ерекшеліктер мен дәстүрлі өмір салтына негізделген олардың тұрақты дамуы – өңір елдеріне ортақ мақсат, - деді президент.

Сондай-ақ ол бұл шаралардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экожүйедегі жайылымдардың рөлін күшейтуге, оларды тиімді басқару мен қалпына келтіруге, сондай-ақ салаға инвестиция тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Осы бағыттар бойынша барлық тарапты ынтымақтастыққа шақырамыз, - деді Ухнаагийн Хүрэлсүх.

Еске салсақ, Армения президенті Ваагн Хачатурян Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитте Қазақстанның су ресурстарын басқару жөніндегі бастамаларын қолдайтынын мәлімдеді.

Наверх