Тұрақты даму мәселесі бүгінгі таңда тек жекелеген елдер мен бизнес құрылымдарының ғана емес, бүкіл адамзаттың басты күн тәртібіне айналып отыр. Бұл туралы халықаралық көрме алаңында McKinsey & Company компаниясының Орталық Азия бойынша басқарушы серіктесі Дулатбек Икбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі ұрпақ – планетадағы өзгерістердің нақты ауқымын көріп отырған алғашқы буын. Сонымен қатар, бұл – жағдайды өзгертуге мүмкіндігі бар соңғы ұрпақ болуы да ықтимал.
Біз – климаттық өзгерістердің нақты масштабын көріп отырған алғашқы ұрпақпыз. Бірақ сонымен қатар, жағдайды өзгерте алатын соңғы ұрпақ болуымыз мүмкін. Егер қазір түбегейлі шешімдер қабылданбаса, салдары қайтымсыз болуы ықтимал, - дейді ол.
Сарапшының сөзінше, климат мәселесі көп жылдан бері талқыланып келеді. Көптеген мемлекеттер 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету бойынша міндеттемелер алған. Алайда қазіргі жағдай бұл мақсаттарға сай келмейді.
Әлемдік ЖІӨ-нің 90 пайызын құрайтын елдер міндеттемелер қабылдағанымен, біз әлі де дұрыс траекторияда емеспіз. Көптеген мемлекеттер шығарындыларды азайтудың орнына көбейтіп жатыр, - дейді ол.
Ол декларациялар мен келісімдердің жеткіліксіз екенін атап өтті. Себебі қазіргі геосаяси жағдайда елдер бірігудің орнына, керісінше бөлшектеніп бара жатыр. Ал экологиялық мәселелерді бір мемлекет жеке өзі шеше алмайды.
Сарапшының айтуынша, тұрақты даму жолындағы негізгі кедергілердің бірі – қаржы тапшылығы.
Тек трендті өзгерту үшін де орасан инвестиция қажет. Әлем бойынша шамамен 100 триллион доллар қосымша қаржы керек. Қазақстанның өзіне 2060 жылға дейін осы бағытта 200 миллиард доллардан астам инвестиция қажет, - деп атап өтті сарапшы.
Сонымен қатар, климаттық өзгерістер ең алдымен дамушы және қаржылық мүмкіндігі шектеулі елдерге ауыр тиетінін айтты.
Ең осал елдер – қаржылық ресурсы аз мемлекеттер. Олар табиғи апаттарға көбірек ұшырайды, бірақ энергетикалық өтпелі кезеңді қаржыландыруға мүмкіндігі жоқ. Ал бай елдерде ресурстар бар, - деп түсіндірді Икбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Астанада өткен RES 2026 өңірлік экологиялық саммитінде жайылымдық жерлердің тозуы және мал шаруашылығының тұрақты дамуы мәселесін көтеріп, мәлімдеме жасады.